Басты бет Оқиғалар күнтізбесі 6 Желтоқсан

Оқиғалар күнтізбесі

6 Желтоқсан

6 Желтоқсан

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының ауылдық (селолық) округтері, ауылдары (селолары), кенттері әкімдерінің сайлауын өткізу туралы» Жарлыққа қол қойды

Қазақстандық қоғамды одан әрi демократияландыру мақсатында, Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабының 4-тармағына және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттiк басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:

  1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының ауылдық (селолық) округтерi, ауылдары (селолары), кенттерi әкiмдерiнiң сайлауын өткiзу ережелерi бекiтiлсiн.

  2. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы:
  1) мемлекеттік басқаруды одан әрі орталықсыздандыру мәселелері жөніндегі заңдарды қолданысқа енгізгеннен және жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізгеннен кейін Қазақстан Республикасының ауылдық (селолық) округтері, ауылдары (селолары), кенттері әкімдерінің сайлауын белгілесін, ұйымдастырсын және кезең-кезеңімен өткізсін;
  2) осы Жарлықта көзделген сайлау өткізілетін әкімшілік-аумақтық бірліктердің саны мен тізбесін облыстардың әкімдерімен бірлесіп айқындасын.  Ескерту. 2-тармақтың 1) тармақшасы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2005.07.08. N 1613 Жарлығымен.

  3. "Ауылдық (селолық) округтердiң, ауылдар (селолар), кенттер әкiмдерiн сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2001 жылғы 23 маусымдағы N 633 Жарлығының 1-тармағының күші жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., N 21, 259-құжат).

  4. Қазақстан Республикасының Үкiметі, облыстардың әкiмдерi аталған сайлауды ұйымдық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөнiнде қажетті шараларды қолдансын.

  5. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап күшіне енедi.

  Қазақстан Республикасының
  Президенті

Қазақстан Республикасы 
Президентінің 
2004 жылғы 6 желтоқсандағы
N 1484 Жарлығымен 
БЕКIТІЛГЕН  

6 Желтоқсан

Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының құрылған күні

Бүгін Қазақстан прокуратурасы қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтуде. ҚР мемлекеттік прокуратурасы 1922 жылдан бастап Әділет ұлттық комиссариатының құрамында жұмыс істей бастады. 1933 жылы прокуратураның құзыреті кеңейтілді: дербес болып, Әділет ұлттық комиссариатының жанынан прокуратура басқармасы құрылды.

Прокуратураның дамуындағы маңызды кезең 1936 жылы басталды, ол кезде КСРО-ның жаңа Конституциясы Қазақстанға егеменді Одақтық Республика құқығын берген болатын. Осы уақыттан бастап мемлекеттік прокуратура құқық қорғау органдарының дербес құрылымы ретінде жұмыс істей бастады. 1937 жылдың қарашасында Әділет ұлттық комиссариаты мен прокуратураны бөлу бұйрығы шықты. Прокуратура тікелей КСРО прокурорына бағынды. Қазақстандық прокуратура тарихында ауыр кезеңдер де болды. Тек ғана бір 1937 жылы бұл құрылымнан негізсіз 40 қызметкер жұмыстарынан босатылды, олардың кейбірі қамауға алынып және сотталды. Ұлы Отан соғысы жылдары көптеген тергеушілер мен прокурорлар отан қорғауға өз үлестерін қосты. Соғыстың тек бірінші жылында Қазақстан прокуратураның 885 қызметкерінің 411 соғысқа аттанды. Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін прокуратураның құрылымы мен қызметі өзгерді, дегенмен, оның қызметінің басты бағыты ел заңдарының орындалуына бақылау жүргізу болып қала берді. 1991 жылдың 6 желтоқсанында «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, олардың дербестігін және тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» қаулы қабылданды. Осы датаға орай күнтізбеде жаңа мереке - Прокуратура органдарының құрылған күні пайда болды. Осы күні прокуратура өз қызметінің қорытындылап және үздік қызметкерлерін атап өтіп; концерт пен әртүрлі мерекелік шаралар өткізеді.