Басты бет Оқиғалар күнтізбесі 22 Наурыз

Оқиғалар күнтізбесі

22 Наурыз
1905 Түркітанушы Баскаков Николай Александрович дүниеге келді.
108 жыл бұрын (1905-1996) ғалым, түрктанушы, ф.ғ.д., профессор, Түрікменстанның, Қарақалпақстанның, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері БАСКАКОВ Николай Александрович дүниеге келді.
1991 Наурыз мейрамы ресми түрде тойлана бастады
1991 жылдың 22 наурыз мейрамы Қазақстанда ресми түрде тойлана бастады.

22 Наурыз 1905

Түркітанушы Баскаков Николай Александрович дүниеге келді.

Ресей Федерациясында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.

Баскаков көп жыл бойы КСРО ҒА Тіл білімі институтында бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. 1920-1930 жылдары Түркі халықтарының тілі жөнінен деректер жинау мақсатында Қарақалпақстан, Ойрат автономды облысы (Таулы Алтай автономды облысы) Оңтүстік Қазақстан, Қырғыстан, Дағыстан, Солтүстік Кавказ жерлерін аралады. Баскаков - түркі тілдерін жан-жақты зерттеген ғалым. Ол «Түркі тілдері» деген еңбегінде түркі тілдерінің даму тарихын кезеңдерге бөліп, грамматикалық, лексикалық, фонетикалық, ерекшелігін кеңінен анықтады. Еңбек төрт бөлімнен тұрады: 1) түркі тілдеріне қатысты тарихи-салыстырмалы және салыстырмалы зерттеулерге шолу; 2) түркі тілдерінің қалыптасуы мен даму кезеңдері; 3) түркі тілдері мен диалектілерін Батыс ғұн бұтағы, Шығыс ғұн бұтағы деп екіге бөліп топтастыру; 4) әр топтағы түркі тілдерінің топтастырылу үлгісін, дамуын көрсететін кестесін, дауысты, дауыссыз дыбыстарының транскрипциясын, түркі халықтары мен тілдерінің тізбесін жасады.

Баскаков түркі тілдерінің фонологиясын, морфологиясын, типологиялық сипатын, топонимия мен антропонимия мәселелерін зерттеп, жеке монографиялар жариялады. Алтай тілінің солтүстік диалектісін және құман, қарақалпақ диалектілерін зерттеді. Алтай, гагауз, қарайым, қарақалпақ, ноғай, ұйғыр, хакас тілдерінің аударма сөздіктерін жасауға қатысты. Баскаков - әлем шығыстанушылары арасында өзіндік орны бар ғалым. Ол - Финн-угор қоғамының корреспондент мүшесі, Орал-Алтай қоғамының, Венгрия ориенталистері ғылыми қоғамының, Ұлыбритания, Ирландия, Польша ориенталистері, Азия және Түркі лингвистикалық қоғамдарының құрметті мүшесі.


22 Наурыз 1991

Наурыз мейрамы ресми түрде тойлана бастады

Көктем мейрамы және Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Бұл мереке бірнеше мың жылдан бері аталып келеді. Парсыша наурыз ай аты емес, тек бірінші айдың бірінші күні дегенді білдіреді. Бұл айды соғдалықтар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армяндар «навасарди», чуваштар «норас-ойахе» деп атаған. Қазақстанда кеңес заманындаталай жылдар бойы діни мереке деп саналып, тыйым салынды. Соңғы рет 1926 жылы тойланған Наурыз мейрамы Қазақстанда 1990 жылдардың басында қайтадан ресми түрде атала бастады. Оның жаңғыруына көрнекті мемлекет қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков көп еңбек сіңірді.