Басты бет Оқиғалар күнтізбесі 28 Ақпан

Оқиғалар күнтізбесі

28 Ақпан

28 Ақпан 1989

«Невада-Семей» антиядролыққозғалысы қалыптасты

1989 жылғы 28 ақпан күні 1986 жылы орын алған желтоқсан оқиғаларынан кейін басылып қалған Қазақстан тарихына баса-көктеп кірген күн. Қазақстан жазушылар одағы ғимаратының алдында болған митингте ақын Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ «Невада-Семей» антиядролыққозғалыстың қалыптасуы туралы жария етті.

Бірнеше күн өткен соң, ол республикалық радио бойынша қазақстандықтарға үндеумен шығып, оның сөзі символдық түрде басталды: «Бауырлар мен сіңлілер!». Осы сөзден кейін есімізге әскери хрониканың топтамасы түсті – 1941 жыл соғыстың басталуы және елді дұшпанға қарсы күресуге көтерген, Сталиннің сөйлеген сөзі.

Олжас Сүлейменов те өз халқын адам құқығын қорғау жолындағы күреске шақырды. «Қарыспай ақыр заманды күтуге біздің құқығымыз жоқ! Біз бүкіл әлемде бейбітшілік үшін күресуге әдеттеніп кеттік. Бейбітшілік үшін әрқайсысымыз өз жерімізде күресу керек екендігін енді түсіндік. Сол себептен, «Невада» қоғамдық қозғалысын құрдық».

Осы қозғалыстың белсенді қатысушыларының бірі Қанат ҚАБДРАХМАНОВ айтқандай: «Қозғалыс жұмысының алғашқы айлары есіме революциялық толқу ретінде келеді. Қозғалыс штабында телефонға маза жоқ, бұрышта жазатын машина тоқтаусыз тақылдап жатты, онда үндеулер басылып жатқан, үстел басында келіссөздер мен дискуссиялар. Жүздеген адамдар біздің қозғалысымызға қолдау көрсеткенін растап, азаматтардың қолы бар парақтар әкеліп жатты. Алматының оқу орындарында көп адам қатысқан антиядролық митингтер өтті. Осындай жиналыстар қала кәсіпорындарында да орын алған, жиналыс барысы қозғалысқа қаражат жинаумен үйлескен. Тілшілер қозғалыс қорына өздерінің қаламақыларын аударған. Бұл бұрын соңды білінбеген халық энтузиазмының көрінісі, романтикалық уақыт, өз күшіне деген үмітпен сенім уақыты еді».

«Невада-Семей» антиядролыққозғалысын құрушы мен рух беруші, ірі қоғам қайраткері, ақын және жазушы Олжас Сүлейменов көптеген жыл бойы шетелде тұрады – Италиядағы Қазақстан елшісі, содан соң Грекия мен Мальтада елші, ал 2001 жылғы қазан айынан бастап, ЮНЕСКО жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі болып қызмет атқарады.

28 Ақпан 1997

Қазақстан Республикасының «Тiкелей инвестицияларды мемлекеттiк қолдау туралы» Заңына қол қойылды

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) инвестициялар – лизинг шартын жасаған кезден бастап лизингi заттарын, сондай-ақ оларға құқықтарды қоса алғанда, заңды тұлғаның жарғылық капиталына немесе кәсiпкерлiк қызмет үшiн пайдаланылатын тiркелген активтердi ұлғайтуға инвестор салатын мүлiктiң барлық түрлерi (жеке тұтынуға арналған тауарлардан басқа);

2) инвестициялық қызмет – жеке және заңды тұлғалардың коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталына қатысуы жөнiндегi не кәсiпкерлiк қызмет үшiн пайдаланылатын тiркелген активтердi түзу немесе ұлғайту жөнiндегi қызметi;

3) инвестициялық преференциялар – инвестициялық жобаны iске асыруды жүзеге асырушы Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берiлетiн атаулы сипаттағы артықшылықтар;

4) инвестициялық жоба – жаңа өндiрiстер құруға, жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейтуге және жаңартуға инвестициялар көздейтiн iс-шаралар кешенi;

5) инвестициялық дау – инвестордың инвестициялық қызметiне байланысты инвесторлар мен мемлекеттiк органдар арасындағы шарттық мiндеттемелерден туындайтын дау;

6) инвестор – Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асырушы жеке және заңды тұлғалар;

7) мемлекеттiк заттай гранттар – Қазақстан Республикасының меншiгi болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына инвестициялық жобаны iске асыру үшiн меншiкке не жер пайдалануға өтеусiз берiлетiн мүлiк;

8) келiсiмшарт – инвестицияларды жүзеге асыруға арналған, инвестициялық преференцияларды көздейтiн шарт;

9) модельдiк келiсiмшарт – Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн және инвестициялық келiсiмшарттар жасасқан кезде пайдаланылатын үлгi келiсiмшарт;

10) уәкілетті орган – келісімшарттар жасасу және олардың орындалуын бақылаумен тікелей байланысты құқық ұсынылған орталық атқарушы орган;

11) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен құрылған заңды тұлға, оның ішінде шетелдік қатысумен құрылған заңды тұлға.

28 Ақпан 2007

ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Ханымдар мен мырзалар!

Тәуелсіздікке қолымыз жеткен алғашқы күннен бастап Сіздер мен біздер барлық қажыр-жігерімізді жұмсап, еңсесін асқақтатқан Жаңа Қазақстан барған сайын нық сеніммен алға басып келеді. Дамудың өзі таңдаған даңғылына түскен еліміздің атағы шартарапқа таралып, әлемдік қоғамдастықтың алдындағы абыройы да жылдан жылға артып отыр.

Біз экономикамыз бен мемлекеттігіміздің берік іргетасын қаладық. Қазақстанның алдағы дамуы, кемел келешегі экономикалық, әлеуметтік, саяси және әкімшілік тұрғыда жан-жақты сараланып, түбегейлі жаңа кезеңге батыл қадам бастық.

Бүгін мен Сіздерге еліміздің және қоғамымыздың алдағы дамуы жайындағы пайымымды баяндамақпын. Ойға алғанымызды орындау Қазақстанның шын мәнінде тарихи ауқымдағы аршынды самғау жасауына мүмкіндік берері сөзсіз.

Бүгінгі әңгіме еліміздің әлемдегі бәсекелестікке қабілетті елу елдің санатына қарай жасайтын қарышты қадамдары туралы болмақ. Бұл жайында алдыңғы Жолдауда да айтылған еді.

Ал бүгінгі күні сол мұратымызға қалай жету керек, соның қандай шаралары бар, әр басшы қызметкерлерімен,әсіресе билікте жүрген адамдар не істеу керек, сол жайында айтамыз.

Естерінізде болар, 1997 жылы Сіздер мен ұсынған Қазақстанның 2030 жылға дейінгі дамуының Стратегиясын қолдадыңыздар. Онда біздің қоғамымыздың кемел келешегі мен мемлекетіміздің ұлық мұраты баяндалғаны мәлім.

Бұл әлі де толыққанды даму жолына түсіп үлгермеген жас тәуелсіз мемлекеттің ұлы таңдауы болатын. Сол кезде осы Стратегия турасында талай күмән-күдіктің болғаны да маған белгілі.

Сол заманда еңсемізді толып жатқан әлеуметтік-экономикалық проблемалардың зілбатпан ауыртпалығы басып, қолымызда егеменді даму мен либералдық реформалардың азын-аулақ алғашқы тәжірибесі ғана болғанын өздеріңіз білесіздер.

Сонда, осыдан он жыл бұрын жасаған таңдауымызда біз жаңылысқан жоқпыз. Ол дұрыс тандау болғанын уақыт бізге дәлелдеді.

Дәл осы уақыттан бастап, Қазақстан нарық экономикасы теоремасы мен демократиялық даму ақиқаттарының тар жол, тайғақ кешуінен тайсалмай өтіп, алған бағытынан таймай алға басты.

Біз мүлде жаңа экономикалық жүйенің, демократиялық құқылық мемлекеттің іргетасын нық қалап, осы заманғы қоғамдық институттарды нығайтып, өмірдің сапасы мен ұстындарын да өзгерте білдік.

Біз ішкі тұрақтылыққа, дамудың әлеуметтік іргесінің беріктігіне қол жеткізіп, өңірдегі ең еңселі экономиканы сомдадық. Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың өңірдегі геосаяси тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді мүлтіксіз атқаратын толық құқылы әрі жауапты мүшесінің тұғырына көтерілді.

Біз үшінші деңгейлі мемлекеттердің қалпында қалғанымыз жоқ. Өткен он жыл ішіндегі жұмысымыздың ең басты нәтижесі де, міне, осы.

Ендігі жерде алдағы он жылдықта атқаруға тиіс жұмысымызды айқындау үшін келдім.

Бұл он жыл дегеніміз, 2030 жылдың Стратегиясын он жылың биыл тәмамдап, ендігі он жылда не істеуіміз керек? Бірақ бұл он жылдың ішінде үш жылдық, бес жылдық жоспарларымыз болады.

Біз екі мыңыншы жылға қарағанда жалпы ішкі өнімді 2010 жылы екі есе көтереміз деп айтқан болатынбыз. Сол мақсатымызға, аманшылық болса, келесі жылдарда жеткелі отырмыз, екі жыл бұрын.

Бұл көздеген мақсатымыз да, экономикалық өсудің көлденең тартар көрсеткіші де емес, бұл - қазақстандықтардың тұрмысын жақсарта берудің қолымызда бар нақты мүмкіндігі.

Өткен жылдары, оны өздеріңіз де білесіздер, біз өміріміздің сапасын айтарлықтай жақсарта түскен көптеген аса маңызды әлеуметтік міндеттерді шеше білдік.

Біз жоғары және арнаулы орта оқу орындары студенттерінің стипендияларын өсірдік, оларға білім алу гранттары мен кредиттер бердік. Бюджет саласының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілердің жалақысын үнемі көтеріп келеміз. Аз қамтылған отбасыларына 18 жасқа толмаған балалары үшін ай сайынғы жәрдемақылар, ал көп балалы аналарға арнайы мемлекеттік жәрдемақылар төлеудеміз. Балалар мен жасөспірімдердің белгілі бір зәру топтарын дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ету мәселесі де шешілуде.

Жыл сайын зейнеткерлік жәрдемақылардың мөлшері де үстеме арттырылып келеді. Бұрынғы еңбек өтіліне байланысты зейнетақылық төлемдерді сараланған түрде өсіру жүзеге асырылды. Бұл бір миллионнан астам адамды қамтыды. Сонымен қатар әлді құрылымдар ардагерлерінің зейнетақылары көбейтілді. Барлық зейнетақылық және әлеуметтік төлемдер уақтылы – тиісті айында төленіп келеді.

Осының барлығы экономикамыздың жеткен жетістігі. Қарқындап өсуіміз, мемлекеттің күш-қуаты мен қаражатының бар болғандығынан, табысты елдің байлығын Қазақстан халқына беріп отырмыз деп айта аламыз.