Басты бет Оқиғалар күнтізбесі 30 Тамыз

Оқиғалар күнтізбесі

30 Тамыз
1995 Қазақстан Республикасының Конституциясы күні
Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды

30 Тамыз 1995

Қазақстан Республикасының Конституциясы күні

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы Қазақстанның Жоғары Кеңесінің IX сессиясында 1993 жылғы 28 қаңтардағы XII шақырылымында қабылданды. Құрылымы преамбуладан, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрады. Конституция мемлекеттік тәуелсіздік алған күнінен бастап көптеген құқықтық нормаларды қамтыды: халық тәуелсіздігі, мемлекеттің тәуелсіздігі, билікті бөлу қағидаттары, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде мойындау, Президентті мемлекет басшысы ретінде мойындау, сот органдары: Жоғары, Конституциялық және Жоғары Арбитраждық соттар және басқалар. 1993 жылғы Конституцияның негізіне парламенттік республика моделі жатады.

Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда бүкіл халықтық референдумда қабылданды. Бұл күн мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні. 1998 және 2007 жылдары Конституцияға Президенттің өкілдігін кеңейтетін елеулі өзгерістер енгізілді. 2007 жылы Парламент қабылдаған өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін Ата Заңымыз жаңа сипатқа ие болып, еліміздегі демократиялық реформалар тереңдей түсті. Мемлекетіміз президенттік-парламенттік басқару тұрпатына көшті. Енді елімізде партиялық сайлау жүйесі енгізіліп, Парламент Мәжілісінің сайлауы жаңа сайлау ережелері бойынша жүзеге асады. 

Әлемдiк тәжiрибеде Конституцияны қабылдау күнi Тәуелсіздiк күнi, Республика күнi мерекелерiмен қатар ұлттық патриотизмдi тәрбиелеуге, халықтың құқықтық мәдениетiн арттыруға ықпал етуге тиiс мемлекеттiк мереке болып табылады.

«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, мемлекеттiк мерекелер – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары дәстүрлi түрде атап өтетiн мерекелер болып табылса, 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізілген.

Негiзгi заңда Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырып, оның ең қымбат қазынасы ретінде – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары белгіленді. Конституцияның қабылдануымен мемлекеттiк биліктiң пәрмендiлiгiн қамтамасыз еткен, маңызды әлеуметтiк-экономикалық өзгерiстердi жүргiзудi жеделдетудi қамтамасыз етуге мүмкiндiк берген тетiк жасалды.

Конституциямыз Қазақстан Республикасын президенттiк басқару нысанындағы біртұтас мемлекет ретінде қалыптастырып, республикада мемлекеттік билік біртұтас екендігін, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылатындығын айқындады.

Прокуратураның мәртебесі де бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституциямызда белгіленіп, республикамыздың мемлекеттік органдары жүйесінде өзінің конституциялық орны бекітілді.