Басты бет Оқиғалар күнтізбесі 27 Тамыз

Оқиғалар күнтізбесі

27 Тамыз

27 Тамыз 1928

87 жыл бұрын ақын Қабдыкәрім Ыдырысов дүниеге келді.

Павлодар облысында туған. Павлодар педагогикалық училищесін, Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1948-1952 жылдары Павлодар облыстық атқару комитетінің нұсқаушысы, аға нұсқаушысы. 1952-1957 жылдары «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің бөлім меңгерушісі. 1957-1961 жылдары «Жазушы» баспасының аға редакторы. 1961-1965 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты хатшысы. 1965-1972 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы. 1972-1975 жылдары Қазақстан кітап палатасының директоры. 1975-1978 жылдары «Жалын» баспасының директоры қызметін атқарған. Ақынның «Өмір гүлі», «Саяхатта», «Ол кезде он үште едік», «Үйелмелі-сүйелмелі», «Жасырынбақ», «Әрқашан күн сөнбесін», «Алшында балақай», «Әке жолы», «Шуақты күндер», «Адамның кейбір кездері», «Армысың, Арабстан», «Жарқын жағалау», «Ертіс-толқын», «Жолыққан жолдар», «Аршында, балақай» поэма мен өлең кітаптардың, «Ойлайық та ойнайық» пьесасының, «Ел жатса да енекем жатпайды» әңгімелерінің авторы. Ян Дрданың «Май күндерінде» повесін, О. Гончардың «Қоңырау» романын, Гарсиа Лорканың «Қасіретті қайыңдар», И. Куприяновтың «Вьетнам жұлдызы» пьесаларын, А. Пушкин, М. Лермонтов, К. Хетагуров, Н. Хикмет, М. Луконин өлеңдерін қазақ тіліне аударған.

27 Тамыз 1925

90 жыл бұрын мүсінші, ұлттық кәсіби мүсін өнерінің негізін салушылардың бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Хакімжан Наурызбаев дүниеге келді.

Қостанай облысының Меңдіқара ауданында туған. Харьков көркемсурет институтын бітірген.

1952-1954 жылдары Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы, 1961-1965 жылдары Лениндік сыйлық жөніндегі комитеттің мүшесі, 1959-1965 жылдары КСРО Суретшілер одағы басқармасының мүшесі болды. 1952-1966 жылдары Алматы көркемөнер училищесінде оқытушы қызметін атқарды.

Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл Жабаев, Мәншүк Мәметова, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов ескерткішінің авторы. «Амангелді Иманов», «Құрманғазы», «М. Хакімжанова», «Сәкен Сейфуллин», «Шоқан Уәлиханов» атты ескерткіштерінде пропорция, ритм заңдылықтарын, тиімді пайдалану арқылы образдарды шынайы кескіндеді әрі ұлттық колоритке жіті назар аударды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер мұражайында, сондай-ақ Қ. Сәтбаев, Ы. Жақаев, А. Жұбанов, Т. Тәжібаев, Ж. Саин, Д. Нұрпейісова, Т. Жароков, Х. Есенжанов, М. Әуезов, С. Мұқанов, Жамбыл тұлғаларын жасады.

«Парасат», Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.

27 Тамыз 2007

8 жыл бұрын Ақтауда жоспарланып отырған Ақтау-Сити құрылысының аумағында сексеннен астам тарихи құнды ескерткіштері бар 28 тарихи-археологиялық кешен табылды.

Олардың арасында Қазақстан аумағында мал шаруашылығының тараған дәуіріндегі Қосқұдық-1 және Қосқұдық -2 тұрақтары орналасқан.

Археологиялық қазбалар кезінде Басқұдық-1 діни-қабірлеу орнының қалдықтары табылды. Қалдықтарды тазалау кезінде 11-12 ғасырға жататын қыпшақ бозбаласының қорымы, 12-13 ғасырға жататын мұсылмандардың қорымы табылды.