Басты бет Оқиғалар күнтізбесі 6 Наурыз

Оқиғалар күнтізбесі

6 Наурыз

6 Наурыз 2009

2009 жылы 6 наурызда Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады

ДАҒДАРЫСТАН ЖАҢАРУ МЕН ДАМУҒА

Қадірлі қазақстандықтар!

Қымбатты менің отандастарым!

Қазір бүкіл әлем жұртшылығы экономикалық дағдарыстың қиындықтарын бастан өткеруде.

Жаһандық дағдарыс дауылы алпауыт мемлекеттерді де шайқалта бастағанын бәріңіз көріп, біліп отырсыздар.

Дағдарыс салқыны бізді де айналып өткен жоқ.

Оқтын-оқтын айналып соғатын әр деңгейдегі дағдарыстарға біз бұған дейін де төтеп беріп келгенбіз. Тәуелсіздік шежіресін парақтасақ, күйреген Кеңестер империясының орнына жаңа мемлекет құру бізге оңайға түскен жоқ. Тұралап қалған экономиканы қайта қалпына келтіру, оны жаңаша даму жолына түсіру - тақыр жерден тау тұрғызғанмен бірдей.

Ел болып ол қиындықтарды да еңсеріп өттік.

Өткен ғасырдың соңында Шығыс Азияда басталған кезекті дағдарыс тұсында тәуелсіздігіміз тағы да бір сынаққа түскен болатын.

Дер кезінде қабылданған дұрыс шешім, ұтымды іс-қимылдың арқасында біз одан да аман-есен өте шықтық.

Осылайша сындарлы жылдар мен күрделі кезеңдерде лайықты тәжірибе жинақтап,ысылып, шыңдала түстік.

Ел дамуының жаңа бағыттарын айқындап, қарыштап алға басумен болдық.

Сол сияқты қазіргі әлемдік дағдарыс та өткінші құбылыс.

Халқымыз мұндай күйзелістер кезінде «көппен көрген ұлы той» деп, сабыр сақтап, ынтымақ-бірлігін бекіте түскен. Қиындықтарды бірлесе жеңіп отырған.

Мемлекет дағдарыстың алдын алудың барлық шараларын жасауда. Ұлттық қордан бөлінген ауқымды қаражат қазір отандық экономиканың кідіріссіз жұмыс істеуіне қызмет ете бастады.

Әлеуметтік кепілдіктер толығымен сақталып отыр.

Олай болса, бұл дағдарыстан да біздің аман-есен өтетініміз айдан анық.

Дағдарыстар өтеді, кетеді. Ал, мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады.

Алдымызда бізді үлкен белес күтіп тұр. Ол – Қазақстан тәуелсіздігінің жиырма жылдығы.

Дүние дамуымен есептегенде жиырма жыл деген көп те емес шығар. Бірақ, біз үшін үлкен кезең тұтас бір дәуірмен барабар.

Олай болатыны, тәуелсіздік - ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетінарман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты.

Сол себепті тәуелсіздіктің әрбір жылының біз үшін мәні бөлек, маңызы айрықша.

Халқымыздың басына түскен қандай да бір сынаққа қарамастан біз тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы жасампаз істерімізді жалғастыра бермекпіз.

Барша қазақстандықтардың жұмған жұдырықтай бірлігінің арқасында біз алмайтын асу, біз жеңбейтін кедергі болмайды.

Солай боларына нақты сеніңіздер, құрметті отандастар!


6 Наурыз 1917

98 жыл бұрын 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларға рақымшылық жарияланған

98 жыл бұрын 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларға рақымшылық жарияланып, Уақытша үкімет бұрынғы әкімшілік құрылымдармен қатар облыстық және уездік комиссариаттар құра бастады. Торғай облысына Әлихан Бөкейхан, Жетісуға Мұхамеджан Тынышбаев, Оралға Халел Досмұхамедұлы, ал Қостанай уезіне Ахмед Бірімжанұлы комиссар болып сайланған.