Басты бет Оқиғалар күнтізбесі 20 Ақпан

Оқиғалар күнтізбесі

20 Ақпан

20 Ақпан 1932

Шығыс Қазақстан облысының құрылуы

Шығыс Қазақстан облысы 1932 жылы құрылды. 1997 жылы өңір аумағына бұрынғы Семей облысы қосылды. Ертіс пен Үлбі өзендерінің қиылысында орналасқан Өскемен қаласы (1720 жылы негізі қаланған) әкімшілік орталық болып табылады. Өскемен қаласы Астана қаласынан 1038 км және Алматы қаласынан 1068 км қашықтықта жатыр.
Облыста 10 қала, 15 селолық аудан, 254 селолық және ауылдық округ, 872 кент және ауыл бар. Облыс халқы (2011 жылғы 1 қаңтарға) 1396,7 мың адамды  құрады. Халықтың тығыздығы орта есеппен 1 шаршы километрге 4,9 адамды құрайды. Облыс халқының этникалық құрамы: қазақтар - 54,5 %, орыстар - 40,5 %, басқа ұлттар – 5,0 %.
Облыстың жалпы аумағы 283,3 мың шаршы километрді алады. Бұл Қазақстан аумағының 10,2 пайызы.
Облыс Қазақстан Республикасының Павлодар, Қарағанды, Алматы облыстарымен, Ресей Федерациясының Алтай өлкесі және Алтай Республикасымен, Қытай Халық Республикасымен шектеседі.
Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан – бірегей табиғи әлемі, елеулі өнеркәсіп әлеуеті, тармақталған әлеуметтік инфрақұрылымы мен қуатты аграрлық секторы бар экономикалық тұрғыдан ауқатты, қарқынды дамып келе жатқан өңір.

20 Ақпан 1988

Қазақ СРО Министрлер кеңесінің өкімімен Сәкен Сейфуллиннің мұражайы ашылды

1988 жылғы 20 ақпанда Қазақ СРО Министрлер кеңесінің өкімімен ақын, прозаик, драматург, публицист, сыншы, әдебиет танушы, сазгер, педагог, қоғамдық және мемлекеттік қайраткер Сәкен Сейфуллиннің мұражайы ашылды. Бұл оның өмірімен және қызметімен байланысты тарихи, материалдық, рухани мәдениет ескерткіштерін сақтауға арналған орын ғана емес, сондай-ақ, өз алдына ағартушылық міндеттер қоя білетін ғылыми-зерттеу кәсіпорны. С.Сейфуллин мұражайы он сегіз жыл жұмыс істеген уақыт бойы қазақ халқының жарық жұлдызына айналған ұлының шығармашылық және рухани мұрасын насихаттап келеді. Мұражай Астананың тарихи және рухани орталықтарының біріне айналды.