Басты бет Оқиғалар күнтізбесі 30 Қаңтар

Оқиғалар күнтізбесі

30 Қаңтар

30 Қаңтар 1934

80 жыл бұрын Шымкент қорғасын зауыты іске қосылды

80 жыл бұрын Шымкент қорғасын зауыты іске қосылды. Ол ТМД елдеріндегі қорғасын шығаратын ірі зауыттардың бірі.

30 Қаңтар 1992

Қазақстан ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер қатарына енді

Қазақстан 1992 жылғы 30 қаңтарда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым қатарына енді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан әлемдік державалар мен беделді халықаралық ұйымдардың, соның ішінде  ЕҚЫҰ-ның қолдауын қажет етті. Бұл кезде дүниежүзілік қоғамдастық та  тарихтың еркімен қуаты жағынан әлемдегі төртінші ядролық арсеналға ие болып қалған  жас мемлекетпен сындарлы сыртқы саясатты жүргізуге мүдделі болды. Осыны ескере отырып, еліміз сыртқы және ішкі саясатта  теңдестірілген амал-көзқарастар пайдасына саналы түрде таңдау жасады. Көпжақты әріптестік, экономика мен қоғамды ырықтандыру стратегиясы сол амалдардың өзегіне айналды. 

Батыстың жетекші елдерінің Ұйымға кіруге шақыруы Қазақстанда еуропалық қауіпсіздіктің тең құқылы және бөліну сызықтары жоқ жағдайлардағы жаңа архитектурасын қалыптастыруға бағытталған  қадам ретінде қабылданды.

Жалпыеуропалық кеңестің толыққанды қатысушысына айналған Қазақстан оны одан әрі дамыту, сонымен бірге халықаралық ұйым болып қайта құрылуы үдерісіне белсене қатысты. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның Хельсинкиде (1992 ж.), Будапештте (1994 ж.), Лиссабонда (1996 ж.) және Стамбұлда (1999 ж.) өткен саммиттерінің жұмысына қатысты. ЕҚЫҰ Министрлер Кеңесінің жылсайынғы отырыстарына Қазақстан атынан сыртқы саясат ведомствосының басшысы өкілдік етеді. Қазақстандық парламентшілер Ұйымның Парламенттік ассамблеясының жұмысына белсенді қатысуда.

1994 жылы Будапешт саммитінің қорытындысы бойынша,  одан әрі институттандыру мақсатында Кеңес Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым болып қайта құрылды.

1995 жылы  еліміздің ЕҚЫҰ-ға тікелей қатысуын қамтамасыз еткен, Қазақстанның Венадағы халықаралық ұйымдар  жанындағы Тұрақты Өкілдігінің іргетасы қаланды. Ал 2008 жылдан бастап алдағы төрағалық тұрғысында Елші Қайрат Әбдірахманов басқаратын Қазақстанның ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі жұмыс істеуде. 

1995 жылы Ташкенттегі офисімен ЕҚЫҰ-ның Орталық Азиядағы өңірлік Бюросы ашылды. 1999 жылы ЕҚЫҰ-ның Алматыдағы Орталығы ашылды, сосын ол 2007 жылы ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығы болып қайта құрылды. Орталықты қазір Елші Александр Кельчевски (Франция) басқарады.

 Соңғы бірнеше жыл бойында Қазақстан ЕҚЫҰ-ның бірқатар ірі шараларын өткізді, олардың арасында:

«Адам саудасына қарсы күрес – өңірлік жауап» атты өңірлік Орталықазиялық конференция (Астана, 2006 ж. 18-19 мамыр);

Еуропадағы әдеттегі қарулы күштер туралы шарт бойынша ІІІ шолу конференциясында Қазақстанның төрағалық етуі (Вена, 2006 ж. 29 мамыр – 2 маусым);

ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі «Мәдениетаралық, дінаралық және этникааралық түсінік» атты Кеңесі – Толеранттық жөніндегі кеңес (Алматы, 2006ж. 12-13 маусым);

«Минасыздандыру саласындағы сенім шаралары мен өңірлік ынтымақтастық» атты өңірлік семинар (Алматы, 2007ж.26-27 наурыз);

ЕҚЫҰ-ның Парламенттік ассамблеясының 17-ші жылсайынғы  сессиясы (Астана, 2008 ж. 29 маусым – 3 шілде).

2007 жылғы қарашада ЕҚЫҰ-ның шетел істері министрлігі кеңесінің Мадридте өткен кездесуінде Қазақстанның 2010 жылы Ұйымда төрағалық етуі туралы шешім қабылданды.