Басты бет Оқиғалар күнтізбесі 14 Қаңтар

Оқиғалар күнтізбесі

14 Қаңтар
1935 80 жыл бұрын Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік Филармониясы құрылды
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы – концерттік-сахналық мәдени мекеме. 1935 жылы құрылған. Оның негізін қалаушы және көркемдік жетек. А.Жұбанов болды.
1904 Қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің туған күні
1994 21 жыл бұрын Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты құрылды.

14 Қаңтар 1935

80 жыл бұрын Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік Филармониясы құрылды

Филармония құрамына сол кезде Қазақ ОАК атындағы ұлттық оркестр (1939 жылы Мемлекеттік хор капелласы болып қайта құрылған) деп аталатын домбыра оркестрі, ұлттық хор, би ансамблі және әншілер мен халық аспаптар оркестрінің үлкен тобы, Б.Лебедев құрған ішекті аспаптар квартеті мен Жетісу қазақ-орыстарының ән-би ансамблі кірді. 1938 жылы Ж.Жабаевтың есімі берілді. 

1939 жылы филармония жанынан М. М. Иванов-Соколовский және Л. М. Шаргородскийдің жетекшілігімен симфониялық оркестр құрылды. 1944 жылы қазақ ұлт-аспаптар оркестріне Құрманғазы есімі берілді. Қазақ филармониясы отандық және әлемдік классиканың үздік шығармаларын, қазақ композиторларының туындыларын, халық музыкалық фольклорын, кеңестік композиторлар шығармаларын кәсіби жоғары-деңгейде насихаттап келеді. Филармония көктемгі музыкалық «Жігер» фестивалін, «Балалардың музыка апталығын», әңгіме-концерттердің абонементтік топтамасын, ұлттық және симфониялық музкалық концерттерін өткізді.

70 — 80-жылдары Ж.Әубәкірова, А.Мұсақожаева, Г. Мырзабекова, Г. Молдакәрімова сияқты халықаралық байқаулардың лауреаттары сахнаға шықты. Қазақ филармониясының құрамында хор капелласы (жетек. ҚР еңбек сіңірген қайраткер Б.Демеуов), «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық академиялық оркестр (жетекші ҚР еңбек сіңірген артист К.Ахметов), республикалық камералық «Солистер академиясы» оркестрі (жетекші ҚР еңбек сіңгірген артист А.Мұсақожаева), Мемлекеттік ішекті квартет, Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестр (жетекші ҚР халық артист Т.Әбдірашев) және әншілер тобы кірген.

Бүгінгі күндері Филармонияны оның бас директоры Аян Сұлтанғалиев басқарады.

14 Қаңтар 1904

Қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің туған күні

Әбілхан Қастеев - қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі. Туып-өскен жері - Алматы облысына қарасты Жаркент төңірегі. Топырақ бұйырған жері - Алматы қаласы. Қазақстанның халық суретшісі (1944). Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы (1945-1956). Еңбек жолын Түрксіб темір жол құрылысында жұмысшы болып бастады. Мәскеудегі көркемсурет студияларында Н. Г. Хлудов пен И. Бродскийден сабақ алды (1929-1936). Халық өмірінің алуан көріністерін шынайы бейнелеген мыңнан астам көркем туындыларды дүниеге келтірген.

Әбілхан қолөнерге, одан соң суретшілік өнерге жастайынан бейім болған. Анасы Айғанша кілем, алаша, бау-басқұр тоқуға, сырмақ сыруға, шым ши жасауға шебер адам болыпты. Әбілхан осы халық өнеріне бала кезінен көз қанықтырып, анасына ою-өрнектер салуға көмектесіп, сурет өнеріне қолын үйретіп өседі. Оның 1930-1931 жылдары салған "Қарындастың портреті", "Автопортрет" атты туындылары түпнұсқаға ұқсастығымен және кейіпкер болмысын ашуға деген талпынысымен ерекшеленеді. Ол бірте-бірте ел өмірінің алуан салалы тіршілік-тынысына ден қойып, тарихи әлеуметтік өзгерістерге суреткер зердесімен қарай бастайды. Оның "Мектепте" (1930), "Түрксіб" (1932), "Жамбылдың портреті" (1937), "Ескі және жаңа тұрмыс" (1937-1941), "Аманкелді сарбаздары" (1970), "Жас Абай" (1945) сияқты туындылары дарынды суретшінің өткен мен бүгінді шыншылдықпен бедерлеген көркем шежіре іспеттес.

Әбілхан - туған жердің әсем табиғатын, оның дидарындағы адам қолының жасампаз өзгерістерін зор шабытпен бедерлей алған суреткер. Оның "Биік таулы мұз айдын" (1954), "Гүл ашқан алма" (1958), "Менің Отаным" (1959), "Жайлаудағы авто-дүкен" (1963), "Қапшағай ГЭС-і" (1972) сияқты полотнолары эпикалық қарымымен, шыншылдығымен назар аударады.

Әбілхан Қастеев суретші ретінде өзіндік дара қолтаңбасымен ғана ерекшеленіп қоймайды, сонымен бірге, ол - туған жері мен өскен елін перзенттік махаббатпен жырлай алған біртуар суреткер.

Әбілхан ағаның жүз жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілуі: барша қазақ көркемөнеріне деген құрмет. Ол - бұрын сурет өнеріне қойылған тыйымды тұңғыш тойтарып, төл өнерді төрге сүйреген жан. Бір бастаған картинасын аяқтамай орнынан тұрмайтын төзімді адам еді. Тіпті, салып отырғанда тау көлеңкесі өзгеріп кетсе де айнытпай, қаз-қалпында келтіретініне әлі таңданамын. Ауқымы, кеңістігі қандай кең?!. Бояу езу, жағу әдісі де әлі жұмбақ. Суретшілер одағының төрағасы кезінде сол тұста жаңадан салынып, ашылған галереяға бұрынғы Т. Шевченко орнына Ә. Қастеевтің есімін берейік деп хат жазып, Димекеңе шыққанымды, ол кісі "Суретшілерді қолдаңдар!" деп қол қойғанын, сол кездегі Министрлер Кеңесі: "Ол біз шешетін шаруа. ОК-те нең бар?" дегенін, бірақ соған қарамай түбі қайырлы болғанын айтқан жөн. Біреулер Ә. Қастеевті "оқымаған" деп кемсіткісі келеді. Әлемдік тұлғалар Тициан, Рембрандттар оқып па екен? Әбекеңдер тума таланттар ғой! Ол сурет өнерін дамыту арқылы дінді бұзған жоқ, қайта тарихымызды тірілтті. Біздерге жол салып берді. Сондықтан ол - қандай құрметке де лайық ізашарымыз.

Әбекеңнің үйінде әңгімелесіп отырғанда: "Мен жақсы көрмейтін адамдарымды қолдан тұншықтырып өлтірдім!" - дегені бар. Ал өзінің құмырсқаға қиянаты болмаған. Мұның мәнісі - ұнатпаған адамды кескіндеген жоқпын дегенге саяды. Шынында да, суретші қаламына іліккен адамның рухани ғұмыры ұзарып, тарихта қалады. Біз кеткен соң да сурет өнері жасай береді. Жалпы, суретте тіл жоқ, түсінісу бар. Басқаша айтқанда, сіреттің тілі де - тілсіз тіл, оны кез келген ұлт ұғады. Бірақ әрқалай ұғады. Маған айрықша ұнайтын суретшім - Верещагин. Ол өзі көрген соғыс сұрапылын жазған. Қастеев те солай, өз көргенін көркемсуретке көшірген. Өлмейтіндігі де содан. Олардың суреті - келешекке ғұмыр...

Әбілхан аға сурет салудан қолы босай қалса, бір минут та бір орында байыз тауып отыра алмайды екен. Ананы жөндеп, мынаны жасап жіберу... Жаңа үйге көшіп барған бұларға көрші-қолаң ерекше бір таңданыспен қарап жүрді. Бірде Әбілхан аға қолына кетпенін ұстап, бақшасында жұмыс істеп жүрсе, бір көршісі қашаның арғы жағынан сығалап тұрса керек. Амандықтан соң көршісі: "Осы үйге бір үлке-е-н, атақты суретші көшіп келді дейді. Сіз білетін шығарсыз ол кісіні. Қандай екен өзі?" деп қызығушылығын жасыра алмапты. Аңыздай көрінген адамы мұнша қарапайым болар деп ойламаған шығар, мүмкін, ол.

- Бәріміз отбасымызбен көшеге шыққанда бір кварталды қырық минутта әрең жүріп өтуші едік. Әкемді білмейтін адам кемде-кем. Амандық-саулық сұрасқан ел, - деп Гүлнәзия апай сол күндерді сағына есіне алды. - Мысық екеш мысыққа дейін әкемді төңіректеп жүруші еді. Өзі де тарлау үйімізде ауылдастар бар, біз бар, бәріміз мәз-мейрам боп жатқан күндердің бірінде әкем үкі алып келіпті. Кептерлеріміз тағы бар... Жан-жануарларды жанындай сүйетін әкем құмырсқаның тірлігіне де таңданып, осы бір жәндіктен үлгі алыңдар деп отыратын. Ол, әсіресе, "Жолбарыс" деп аталатын итіне көп көңіл бөліп, назар аударатынды.

Жаны нәзік ағаның жүрегі де нәзік еді. Бірнеше рет инфаркт алған. Ауруханадан үйге алып келе жатқан мәшине бұрылыстан көрінгенде Жолбарыс алдынан алдымен жүгіріп шығады. Екеуі үнсіз ұғысады. Әбілхан аға дүние салардан бір күн бұрын Жолбарыс та жоғалып кетіпті. Жақсы ит өлігін көрсетпейді... Бұл - қазақтың жеті қазынасының бірі дейтін иттің де иесінің өмірден өтерін, елдің бір қазынасы - талантты ұлынан айырыларын соқыр түйсігі арқылы сезінуінің белгісі екен-ау.

Әбілхан ағаның жүрегі таза таңданыстан жаралған. Ол аспандағы ұшаққа қарап, "бәленбай тонна ауада қалай қалқып тұр" деп, адамзат ақылына тағы бір таңданады. Табиғаттың әрбір жаратылысына үңіліп тұрып, "қандай ғажап система" дейді ол. Осы таңданысының барлығы қылқаламынан сурет болып төгілді емес пе? Бұл да ұлыларға ғана тән ерекшелік шығар.

"Әр адамның Құдайы ішінде". Әбілхан ағаның сөзі. "Құдай бақты барлық адамға бірдей береді. Оны ұстай алу - өзіңнің құзырыңдағы іс. Ұшырып алсаң - өзіңнен басқа ешкім кінәлі емес" дейді. Қастеевті Қастеев еткен де дәл осы ұстаным, дәл осы - әфсана.

Туғанына 100 жыл толып отырған ұлттың дара тұлғаларының бірі Әбілхан ағаның сүйікті қызы Гүлнәзия апайдың сағынышты әңгімелерінің ішінен қарапайым әкенің әлемін ойып алдық. Даңқ тұғырына мәңгі көтерілген Қастеевтің қарапайым әлемін қазақтың дана қарттарын, ауылдың сол бір қазына қарттарын сағынғандықтан ба аралай бергің келеді екен. Балалары мен ошағына бақыт, кең байтақ Отанына мерей сыйлаған сирек тұлға Ә. Қастеевтің жеке мұражайын ашу - бар, жоғын түгендеп жатқан елдің атқарылар бір ісі екені көрініп тұр.

Ендеше суреттерінің өзінен "даланың исі бұрқырап" тұрған данамызға лайықты құрмет жасау парыз.

Дереккөз: tarihi-tulgalar.kz

14 Қаңтар 1994

21 жыл бұрын Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты құрылды.