Басты бет Брифингтер Еуразия университеті ғалымдарының ұлттық тарихты зерделеу брифингісі.

Еуразия университеті ғалымдарының ұлттық тарихты зерделеу брифингісі.

Орталық коммуникация қызметінің ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі тақырыптық баспасөз-брифингіне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан тарихшылары ұлттық конгресінің төрағасы Ерлан Сыдықов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторы, еңбек сіңірген сәулетші, профессор Жандарбек Мәлібеков, ҚР Президентінің бірінші баспасөз хатшысы, академик, публицист, сценарист, «Мир» ХТРК негізін салушы Ғаділбек Шалахметов, «Мемориалдық аймақ» іздестіру жасағының негізін салушы, профессор Майдан Құсайынов, тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Еуразия» гуманитарлық зерттеулер орталығының директоры Зиябек Қабылдинов қатысты.

Баспасөз-брифингі барысында Ерлан Сыдықов Қазақстан тарихшылары ұлттық конгресінің жұмысы шеңберінде «Отан тарихы» – «Отечественная история» сериясымен он кітап болып шығатын 20-томдық басылымының тұжырымдамасы дайындалғанын атап өтті. Сондай-ақ, 2012- жылдың сәуір айында «Қазақстан тарихы: ғылыми зерттеулердің қорытындылары» атты халықаралық конференция өткізілді. Айта кету керек, тарихшылардың мұндай форумы тәуелсіз Қазақстанда тұңғыш рет өткізілді.

Сонымен қатар, ЕҰУ ректоры Моңғолияда университет ғалымы Қаржаубай Сартқожаұлының басқаруымен жүргізілген, VІІ ғасырдағы көне түрік императорының кесенесіндегі қазба жұмыстарының қорытындысы бүкіл әлемді дүр сілкіндіргенін де баса айтып өтті.

Тағы да бір маңызды оқиға, тарих саласында оқыту және ғылыми зерттеулер жұмыстарын сапалы жүргізу мақсатында, биыл аталған ЖОО-да Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының ашылуы болды, енді ЮНЕСКО кафедрасын құру мәселесі ойластырылуда.

«Және, Елбасы алға қойған міндеттердің маңыздылығын ескере отырып, мамандандырылған тарих факультетін ашу мәселесі де шешілді. Бұл еліміздегі уақыт талабына сай жаңа тұрпаттағы кәсіби кадрларды даярлайтын тұңғыш тарих факультеті болмақ. Осылайша, Еуразия ұлттық уинверситеті шын мәніндегі тарихи жоспарлардың маңыздылығын айқындады», - деді ОКҚ баспасөз-брифингінде Е.Сыдықов.

Баспасөз- брифингінің спикерлері Қазақстан тарихшыларының ұлттық конгресі аясында жаңа жоба – халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи «MANGI EL» журналын ашу жұмыстары да жүзеге асырылып жатқанын хабарлады. Бұл журнал таяу және алыс шетелдерге таралатын болады.

5-маусым күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында мемлекеттік хатшы Марат Тәжин ел Президентінің «Халық тарих толқынында» атты арнайы тарихи зерттеулер бағдарламасын әзірлеу жөніндегі тапсырмасын жариялаған болатын. Бағдарламаның мақсаты Қазақстанның тарих ғылымына алдыңғы қатарлы әдістемелер базасында сапалы серпіліс жасауға жағдай туғызу, қазақтардың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту, ұлттың жаңа тарихи көзқарасын қалыптастыру, Қазақстанның жиырма жылдық жаңа тарихын ой елегінен өткізу болып табылады.


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз