Басты бет Брифингтер Бүркітбай Аяған, Мемлекет тарихы институтының директоры брифингісі

Бүркітбай Аяған, Мемлекет тарихы институтының директоры брифингісі

112514f5e9bd5b5e2c16574ee980e6ab.JPG


Тарихшы ғалымның айтуынша, бұл салада өзгерістер жүргізудің бірнеше қажеттіліктері бар. Біріншіден, отандық тарихты зерттеу кешегі заманнан қалған ғылыми тұжырымдамалардан әлі де арыла алмауда. Екіншіден, ақпараттық технологияның дамыған ғасырында қалыптасқан Қазақстанның мемлекет ретінде тарихи дүниетанымының мүлдем жаңа үлгілерін жобалау.

Ұлттық тарихты реформалау Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» Стратегиялық тапсырмасына сәйкес бастама алғаны белгілі. Ұлт көшбасшысының ұсынысы жария етілген, үстіміздегі жылдың 5-ші маусымында Қазақстан Республикасы Мемлекет хатшысы М.М. Тәжиннің төрағалығымен отандық тарихшылардың жалпыұлттық жиналысы өткені белгілі.

«Қазақстан – 2050» Стратегиясында орын алған идеяларда Отан тарихы ғылымын кемелдендіруде сапалы түрде іске асырылатын іс-қимыл жолдарын анықтап, ғылымның дамуы бағытындағы кедергілерді жою көзделген.

Ең бастысы, басқа кезеңдермен салыстырғанда, ғалымдарға мемлекеттік қолдау көрсетіліп отыр. Ендігі жерде ғалымдарға ешкім де идеологиялық шектеулер қоймай, керісінше, оларға түбегейлі де, толық зерттеулер жүргізу шаралары жасалуда.

Сонымен, тұтастай жауапкершілік ғалым-тарихшылардың мойнына жүктеліп отыр. Былайша айтқанда, ғалымдар үшін кәсіби шынығу мен сын сағаты қатар келіп тұр. Ендеше Отандық тарихшылардың іс-қимылдарын жаппай жұмылдыру, қолымыздағы барлық ғылыми және интеллектуалды әлеует мүмкіншіліктерді тиімді пайдалану қажет, деді ғалым өз сөзінде.

Ғалым сондай-ақ ведомоствоаралық кеңейтілген кеңестің өткеніне 56 күн толғанын, осы уақыт аралығында біраз жұмыстар атқарылғанын атап көрсетті.

Атқарылған көлемді жұмыстарды Қазақстан Республикасының ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі Ведомоствоаралық жұмыс тобы үйлестіріп отырғанын айта кету керек. Осы кезең аралығында жұмыс тобының ғылым саласындағы реформаны одан әрі жүргізу мәселелерін жан-жақты талқылаған екі отырысы өткізілді.

Жұмыстың ұйымдастырылу бөлігін ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі жүргізді. Қазіргі таңда еліміздің 59 жоғарғы оқу орындарында Қазақстан тарихы кафедрасы жұмыс жасауда, сонымен қатар жаңадан 4 мемлекеттік, 9 акционерлік және 9 жеке жоғарғы оқу орындарында Қазақстан тарихы кафедрасы ашылды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес зерттеу методикасы мен методологиясын жаңғырту міндеттері жүктелген оқу-методикалық орталықтары ашылды, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде орталықазиялық көшпелілер өркениетін зерттеу орталығы ұйымдастырылды.

Жалпы білім беретін мектептерге арналған типтік бағдарламалар мен оқулықтар сараптамадан өткізілді және жаңартылды. Байқасыңыздар биылғы өткізілген Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде тарихқа деген өкпе-наз естілмеді. Тарихшылардың ұлттық конгрессінің 2 отырысы өткізілді. Ағымдағы жылдың қазан айында Тарихшылардың ұлттық конгрессінің сессиясын өткізу жұмыстарының дайындығы басталды.

Ғылыми-теориялық зерттеу саласында өлкенің біржарым мыңжылдық тарихын қалпына келтіру бойынша жұмыстар басталды. Ғылыми зерттеулерді үзік-жарды жүргізуді тоқтату нәтижелерінде, біртұтас тарихи кезең көрінісін, Ұлы байтақ далада өмір сүрген қазақ халқы мен мемлекетінің қалыптасу этногенезінің шынайы да, нақты келбетін жасауға көмектесуде. Мысалы, Отандық археологтар Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам елді мекенінен және Шығыс Қазақстан облысындағы сақ кезеңі қорғандарынан құнды артефактілер тапты.

Маусымның 29-ы мен 3-ші шілде аралығында Қазақстан бойынша тарихшылардың жергілікті үкімет органдары өкілдерінің қатынасуымен аймақтық жиналыстар өткізілді. Жиналыстарда жоғарғы ірі оқу орындарының ректорлары мен ғылыми-зерттеу институттарының директорлары баяндама жасады. 29 шілде күні жас ғалымдардың зерттеу жұмыстарын үйлестіру міндеті қойылған, «Жас тарихшылардың республикалық Қауымдастығы» заңнамалық тіркеуден өтті.

Мемлекет тарихы институтында Елбасы ұсынған «Халық тарих толқынында» бағдарламасы жобасын талқылауға байланысты 2 ғылыми семинар жұмысы өтті. Онда Отан тарихының ерте, орта, жаңа және қазіргі заман тарихы кезеңдері көрініс тапты. Қазақстан тарихына байланысты тұрақты жұмыс істейтін мәліметтер базасы құрылып, оның қоры шетелдік орталықтардың мәліметтері және ғалымдардың тізімдемелерімен үнемі толықтырылып отырады.

Осы жылдың маусым айында 23 жетекші ғалым Иран, Түркия және Ұлыбританияның мұрағат қорларына жолдама алды. Ал, бүгінгі күні 9 ғалым шетелден оралып, басқа топтағы ғалымдар дайындалу үстінде. Мәдениет және ақпарат министрлігінен алынып, жинақталған материалдар сұрыпталуда. Зерттеуші ғалымдардың шетелден әкелген дерек қорларын болашақта ел игілігіне жарату көзделінуде.

Шетелдік ғылыми орталықтар мен ғалымдардың өзара пікір алмасу мақсатында «Болашақ» Мемлекеттік бағдарламасы және жоғарғы оқу орындарының ғылыми әлеуеттері тиімді пайдалануда. Ұлттың (популяциялық) генетика зертханасын құру мақсатында жас ғалымдардың құрамы топтастырылды.Қазақстан тарихының көне заманнан тәуелсіздікке дейінгі кезеңіне байланысты базалық оқулықтар мен хрестоматиялар дайындау аясында тарихшы-ғалымдардың екі тобы жұмыс жасауда. «Ұлттық тарихтың өзекті мәселелері» журналын дайындауда тарихи материалдар қоры жинақталынып, көркемдік дизайны нақтыланды.

Мұрағат құжаттарында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шетелдік мұрағаттар мен кітапханалардан әкелінген құжаттар қорын орталықтандыру мақсатында сұрыптау жұмыстары жүргізілуде. Ол деректер автоматтандырылған ақпараттық «Электрондық каталогқа» орналастырылды.

Археологиялық және деректану ұлттық орталығы «Қазақстан тарихы шетелдік мұрағаттарда» (XYIII ғасыр-XIX ғасырдың бірінші ширегі) басылымын дайындауға кірісті. 2013 жылы оның 7-ші томы мен қорытынды анықтамалық 8-ші томы басылымнан шықпақ. Тарих ғылымын реформалау бағытында іске асырылған жұмыстардың қысқаша көрінісі осындай.

Халыққа реформаның барысы мен мақсатын жеткізуде бұқаралық ақпарат құралдарының еңбегі мен ықпалы өте зор, деп түйіндеді өз сөзін Б.Аяған.


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз