Басты бет Брифингтер Қазақтың ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы өз жұмысын бастады

Қазақтың ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы өз жұмысын бастады

Жаңа заман жаңа көзқарасты талап етеді

Бұл – төл тарихымыз үшін ерекше күн болды. Қазақтың ұлттық тарихының бары мен жоғы түгенделді. Қордаланып қалған мәселелердің түйіні тарқатылып, ұлттық сананың жетілуіне түрткі болатын талай жайттар айтылды.

Ұлттық тарихты зерделеу жөнінде кеңінен толғаған ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин бүгінгі заман тарих ғылымының алдына жаңа талаптарды, басқаша көзқарасты қойып отырғанын, тарихшының міндеті – ұлттық тарихты қайдағы бір әмбебап заңдылықтардың қасаң қалыптарына салып жібермей, ұлттық тарихтың «жанды ағзасы» қалай дамитынын түсіну қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, тарихқа арқа сүйемесе, болашақ бұлдыр. Күллі әлемде рухани құндылықтардың мылтықсыз майданы жүріп жатқан қазіргі күнде тарихи жадыны сақтап қалу – өзіңді өзің сақтап қалудың жалғыз жолы.

Елбасы«Тарих толқынындағы халық» атты тарихи зерттеулердің арнаулы бағдарламасын жасауды ұсынғанына тоқталған Марат Мұхаметқазыұлы оның мақсаты – қазақ ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту, ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру екендігін атап өтті. Осы бағытта Мемлекет басшысының бастамасымен талай шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, 2003 жылы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұрын-соңды болып көрмеген «Мәдени мұра» бағдарламасын жариялады. Бағдарлама жүзеге асырылған 2004-2011 жылдар аралығында Қазақстан тарихы мен археологиясы және этнографиясы бойынша 26 арнаулы зерттеу жүргізілген.

- Бұл – тарихи жады мен тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы ауқымды жұмыстардың басы ғана. Қазіргі мемлекетіміздің қалыптасқан белесінде біз өз тарихымызды бүгінгі заман ғылымының биігінен пайымдап, ұлттық тарихтың бөлінбейтін бейнесін қалыптастыруға тиіспіз, – деді Мемлекеттік хатшы.

Тарихшылардың міндеті – шындықты бұрмаламау

Өткен тарихымыздағы бұрмаланған, әлі де зерттеуді қажет ететін оқиғаларға тоқталған Марат Тәжин қазақ этносының қалыптасуынан бастап, еліміздің аумағында мекен еткен ежелгі мемлекеттер мен қоғамдастықтар бірі қалмай, егжей-тегжейлі зерттелу керектігін баса айтты. Қазақ елінің жиырмасыншы ғасырдағы тарихи бет-бейнесі де жете зерттелмей жатыр. Тарихты жазғанда үстірт пікір, түсініксіз пайымға ұрынбау керек. Кез келген тарихи оқиға нақты деректермен, айқын дәлелдермен сипатталуға тиіс.

–Бізге өткен дәуірді дәріптеудің қажеті жоқ, баяғы бір тәртіпті аңсай бермей, жиырмасыншы ғасырдағы қиыншылыққа толы тарих туралы ашық айту керек. Сол тәртіптің тұсында ата-бабаларымыз қалай өмір сүргенін біз жақсы білеміз. Сондықтан, тоталитарлық мемлекетте «ұлт мәселесін шешудің» бар шындығын ашып көрсету – тікелей тарихшылардың парызы, – деді Марат Мұхаметқазыұлы.

Ол төл тарихымызды зерделеудегі басты көңіл аударылуға тиіс жайттарға да тоқтала кетті. Жаңа тарих мәселелері бойынша зерттеулердің тақырып аясын кеңейту қажет. Мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделі, Мемлекет басшысы тұлғасының ұлт тарихының жаңа белесіндегі рөлі ғылыми тұрғыдан пайымдалуы тиіс. Пәнаралық зерттеулерді жүзеге асыруда да сілкініс болғаны жөн. Ол үшін зерттеушілік және жұмыс тәсілдері түгелімен жаңартылуы керек. Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаған Ұлт көшбасшысы қызметінің бірқатар қырларын ғылыми тұрғыда талдануы да басты мәселенің бірі.

Тарихи сананың әлжуаздығы – ұлтқа төнген қатер

Бұдан кейін мінбеге Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған көтеріліп, қазіргі заман тарихын зерделеу әдістемелерінің негіздеріне тоқталды. Тарих – халықтың ұлттық санасын қалыптастыру, мемлекеттік идеологияны насихаттау, жас ұрпақты патриотизм рухына тәрбиелеу қызметтерін атқаратынын айта келе, ол тәуелсіздік тарихын жазуда Елбасының еңбектерін, сөйлеген сөздерін басшылыққа алудың маңызы айрықша екендігін атап өтті. Ғалымның айтуынша, бұл еңбектерде еліміздің тәуелсіздік белестері кезең-кезеңімен толық қамтылған және онда еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне бағыт-бағдар берілген. Ендігі міндет – қабылданған мемлекеттік бағдарламалар аясында нақты іспен айналысу. Бүркітбай Гелманұлы тарих саласын зерделеудегі кейбір күрмеулі мәселелерге де тоқтала кетті. Айталық, тарих ғылымында қазақ мемлекеттігі сияқты тақырыптар бойынша ортақ тұжырымдар әлі қалыптаса қойған жоқ. Мысалы, мемлекеттілік тарихы, оның дәуірлену кезеңі туралы әркім әртүрлі болжам айтады. Кейбір зерттеушілер мемлекеттіліктің бастау кезеңін түркі қағанатынан бастаса, екіншісі – Ақ орда кезеңінен бастау алды дейді. Міне, осындай мәселелер тұрғысынан тарихшылардың бірауыздылығы қажет. Сондай-ақ, рухы биік халқымыздың батырлығын, елін, жерін қызғыштай қорғаған ұлтжандылығын әлемге таныту маңызды. Ол үшін ғалымдар ғылыми айналымдағы құжаттар мен материалдарды толығымен игеріп алуға тиіс.

Ғалымның сөзін жалғастырған Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Ханкелді Әбжан тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің бірден-бір нышаны – төл тарихтың бары мен жоғын боямасыз, тек ақиқат биігінен зерделеу екендігін, өткеннің тәжірибесі мен тағылымы қаншалықты әділ зерттеліп, оқытылса, халықтың тарихи санасы да соншалықты оң қалыптасатынын жеткізді. Ол тарихи сананың кемелдігі – болашаққа берілген кепілдік, ал, әлжуаздығы – ұлттық қауіпсіздікке төнген қатермен пара-пар екендігін айта келіп, тарихты оқыту, зерттеудегі кейбір олқылықтарға тоқталды. Ғалымның сөзінше, елімізде 5-ші сыныптан басталып оқытылатын тарих сабақтары 10-шы және 11-ші сыныпта қайталанып оқытылады. Ал, жоғары оқу орындарында берілетін тарих дәрісінің теориялық әдістемелік базасы өте әлсіз. Оның бірден-бір себебі – педагогтың шамадан тыс жүктемесінде екен. Мысалы, несиелік жүйе бойынша, педагогикалық жұмыстың көлемі 350 сағатты құрайды. Бірақ, іс жүзінде бұл орындала бермейді. Кейбір оқу орнында педагогтың жүктемесі 700 сағаттан асып кетеді екен. Осыған байланысты оқытушы 6-7 пән бойынша сабақ өткізіп, үлкен жүктемемен жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл тарихты терең оқытуға мүмкіндік бермейді.

– Біз әлемдегі және елдегі жаңғырту қарқы­нына ілесе алмай қалатынымызды мойындауымыз керек. Әлеуметтік кәсіби тұрғыдан ке­мел­деніп, жетілудің орнына, осыдан 15-20 жыл бұрынғы білім қорымен жүретін әріптестер бар. Өкінішке қарай, мұндай тарихшыларды ғылыми-зерттеу институттарынан да кездестіруге болады. Ежелгі және ортағасырлық тілдерді білетін тарихшыларымыз да жоқтың қасы. Осыдан болар, кейінгі кезде кәсіби тарихшы болмай-ақ, өзекті тақырыптарда том-том кітаптар жазатындар көбейді, – деп қынжылыс білдірді ғалым.

Тәуелсіздік пен тарих тамырлас. Тарихсыз тәуелсіздіктің қадір-қасиеті ашылмайды. Осындай қорытындыға келген тарихшы-ғалымдар ұлттық тарихқа терең ден қоя бастағанын аңғартты.

Тарихты оқытудың біртұтас мемлекеттік стандарты болу керек

Алқалы жиынды түйіндеген Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин жұртшылықтың назарын басты мәселелерге аударды. Оларды шешу үшін алдымен орта мектептер мен жоғары оқу орындарында тарихты оқытудың қазіргі заманғы және ғылыми біртұтас мемлекеттік стандарты жасалуы керек. Бұл стандарт заманауи зерттеу тәсілдері мен оқыту әдістеріне негізделуі тиіс. Жұмыстарды бірнеше бөлікке бөліп қарастыру қажет. Біріншісі, ұлттық тарих қоғамдық ғылымдардың арасында негізгі салаға айналуы тиіс. Екінші, Қазақстан тарихының ортақ тұжырымдамасы жасалуы керек. Үшінші, қазақстан туралы еліміздегі және шет мемлекеттердегі тарихи материалдарды жинақтап, жүйелеп, жіктеуге баса назар аударылуы тиіс. Төртінші, Ортаазиялық номадтық өркениетті зерттеуге айрықша мән берілген жөн. Бесінші, тарихи сапалы оқулықтарды даярлау мәселесі.

Ұлттық тарихымызды зерттеу төңірегінде айтылған мәселелер мен тұжырымдардың негізінде көлемді баяндама әзірленіп, ол 1-ші желтоқсанға дейін Мемлекет басшысына жолданатын болды.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз