Бумын қаған

00.00.0000
Қайрат Бегалин

Түрік әскері қар басқан аппақ даламен қап-қара болып шұбалып бірнеше күн жүрді. Сарбаздар азықтарын аң аулап айырды. Ашық аспан астында мұз жастанып, қар төсенсе де, алғашқы күндер ән салып, қалжың айтып, көңілді жүрді. Хан ордасына жақындаған сайын ойын-күлкі азайып, сап қатары тұнжырай түсті.
Бумын әскерді алға жіберіп, бір қапталға тоқтады. Қасындағы адамдардың жүздеріне анықтап қарады. Әуелі жанынан туған бауыры Естемі өтті, одан кейін сенімді серіктері - Қаніш пен Жора келеді. Олардың артын ала екі ұлы - Қара-Ыстық пен Мұқан...
Кенет "осылардың бәрін, бәлкім, соңғы рет көріп тұрған шығармын" деген суық ой сумаң етті. "Жоқ" деді ол ішінен бірден. Әлі қаншама алға қойған мақсаты бар. Анахуаньді жеңу - ұлы істердің басы ғана. Бәрін баяғыда ойластырып қойған, тайпа көсемдерінің талқысына да салды. Осы арада есіне "шешінген судан тайынбас" деген сөз түсті.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз