Аттила

00.00.0000
С. Өтениязов

Бұрынғы кездері айкара ашылып қонақжай мінез көрсететін Рим қақпасы жабық тұр. Қамал қабырғасының арғы жағына тығылған Рим халқы бұл күннің өздеріне не сыйлайтынын білмей аңтарылып қарап тұр. Аңырап қалған ертегі шаһарындай болған қорған бекінісінен тырс еткен белгі білінбейді. Жолындағының бәрін жайпап, жалынға орайтын ғұн сарбаздары Аттиланың қалт еткен қимылы болса, қалаға лап еткелі тұр. 
Түксиіп, жан баласының қимылы білінбеген Рим қақпасына қарай Аттила атын аяң бастырып, жақындап келді. Атой салынар сәтті аңдып қала халқының зәре-құты қалмай, иманын үйіріп отырғанын ол жақсы түсінді. Тым болмаса бой көрсетіп қараңдаған ешкімді байқамаған соң, римдіктер оған бетін басып бүгежектеген қорқақ болып көрінді. Ызадан тістенген Аттила қолға ұстаған найзасын Рим қақпасына қарай толғай лақтырды. Арқырай ұшқан ақ найза арындаған бетімен қақпаға келіп қарш қадалды. Қаланы қорғауға қалдырылған Рим легионердарының әскерлері дір етіп, бозарып кетті. Қала сол күйі тым-тырыс.
Осыдан кейін Аттила сарбаздарын соңына ертіп аяңдап жүре берді. Біраз жер ұзаған соң, ат үстінен артыда бұрылды. Қорқыныштан дірілдеп, құтылғанына қуанып, әлі қыбыр білдірмей жатқан, жасыған Римге қарап кекесінмен мырс етті де қайтып бұрылмастан кете барды.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз