Басты бет Есімнама Зарқұм Қуанышұлы (1865-1918жж.) қазақ қоғамының қайраткері,кеңестік саяси куғын-сүргіннің алғашқы құрбандарының бірі

Зарқұм Қуанышұлы (1865-1918жж.) қазақ қоғамының қайраткері,кеңестік саяси куғын-сүргіннің алғашқы құрбандарының бірі

Кеңестік жүйе алғашқы 20 жылда бірнеше толқын репрессия жүргізіп, ұлт зиялыларының басым көпшілігінің (Сыр өңірінің тумалары С.Лапин, Е.Қасымов,Х.Ибрагимов т.б.азаматтар бар) көзін жойғаны ақиқат.

Ел басына түскен зобалаң-нәубеттің ең алғашқы құрбандарының бірі - қоғам дамуына қатысты бағдар-өлшемі ерекше,бітім-болмысы бөлек, біртуар тұлға Зарқұм Қуанышұлы болатын[1-20].

Зарқұм қазіргі Қызылорда облысы Жалағаш ауданының «Аққыр» ауылында дүниеге келеді.Ес біле, яғни айналаны қоршаған ортаға өзіндік дүниетанымы қалыптаса бастаған кезде, отарлаушылар билеген қоғамның әділетсіздігін  толық сезінген Зарқұм ел-жұртын еркіндікке жеткізуді мақсат тұтып, күштілерге еңбегі желінгендердің қарымтасын қайтаруды және кедей-кембағалдардың  әлеуметтік жағдайын жақсартуды қолынан келгенше дәстүрлі қазақ қоғамының әдет-ғұрып заңдары негізінде жүзеге асыруға ұмтылды.Ал,бұл заңдарға Ресей билігі орнатқан жаңа әкімшілік-құқықтық басқару жүйесі түбегейлі қайшы болғаны белгілі.Қара халық мүддесін қорғауда, патша билік жүйесін мойындамай,бейресми  құқықтық институттарға жүгінген Зарқұмды ел ішіндегі жуандар мен әкімшілік ымыраласып,екі рет (1900,1903жылдары) Сібірге жер аудартады [7].

Туа бітті  алғырлығы,зерделі зеректігі, алқалы топта тізгін тартпайтын шешендігі, даулы мәселелерді шешудегі қапысыз әділдігі арқылы ел арасында би атанған Зарқұмның айдауда жүрген кезеңдерін,оның дүниетанымын кеңейткен,рухы мен ділін одан әрі шыңдаған өмірлік университеттері болды деуге толық негіз бар.Ел басындағы алмағайып заманда(төңкерістер кезеңі)  бір бойындағы саяси партиялар өкілдерінің  ұстанымдарын бағамдай білу,саяси күрестің қыр-сырларына қанық болу,орыс тілінде мүдірмей сөйлеу сынды қасиеттердің жарқырай көрінуі осының айғағы.

Бойға жиған білімін, пайым-парасатын халық игілігіне жұмсауды мұрат еткен Зарқұмның Жаңадария өзенінің бір саласы Майлыөзектің бойынан арық қаздыру арқылы елді егіншілік кәсіпке баулып, талай отбасын 1916 жылғы ашаршылықтан аман алып қалудағы ерлікке пара-пар еңбегі ешқашан  ұмытылмақ емес.Оның ағартушылықпен астасқан анаға құрмет, әйел затына қамқорлықпен қарау,бала және отбасы тәрбиесіне  терең мән беру сынды тұрмыстық көзқарасы  да ұлтжанды,елін сүйген патриоттарға тән қасиеттер.Зарқұм Қуанышұлының өмір жолы, елге еткен сан қырлы еңбегі туралы шыққан ғылыми,танымдық дүниелер соңғы жылдардың үлесінде. Десек те, көпшілік алдында нақтылауды қажет ететін жайлар әлі де баршылық. Солардың ең негізгісі Ресей империясының дамуына түбегейлі бетбұрыс әкелген 1917 жылғы 27 ақпандағы буржуазиялық-демократиялық және  25 қазандағы социалистік төңкеріс кезеңдеріндегі іс-қимылы мен әрекеті. Алдыға қойған мақсатымызға жету үшін тағдыршешті тұстағы оқиғалар жүлгесіне тоқталайық.   

Ақпанда монархиялық билік құлаған соң Мемлекеттік Думаның шешімімен құрылған Уақытша Үкіметтің жер-жерде басқару органдарын ұйымдастыруды дереу қолға алғаны,бұлармен қатар жұмысшылар мен солдаттар да өздерінің кеңестер жүйесін құра бастағаны баршаға аян. Сонымен қатар Уақытша Үкіметке Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайлау туралы ережені жедел әзірлеп,аса жуапты да маңызды науқанды өткізу жүктелді. Ұлтымыздың зиялылары аталған ереженің бекітілуін күтпей әр аймақтағы Қазақ комитеттері арқылы болыстық, уездік, облыстық, облысаралық және жалпықазақ съездерін шақыру жұмыстарын бастап кетті. Ондағы мақсат-жаңа саяси жағдайда егемен ел болу бағдарын жасау, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді халық талқысына салып,анықталған аса өзекті міндеттерді шешу жолдарын қарастыру, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына тас-түйін дайындалу.  

Перовскіде Уақытша Үкіметтің атынан билік өкілеттігін Уездік Атқару комитеті (құрамында подпоручик Преображенский, капитан Барановский, полицей приставы Грослинг, уездік басқарма тілмәші Е.Қасымов болған) жүргізе бастағаны мәлім. Билік буынын әкімшіл-әміршіл жолмен қалыптастыру үдерісінің жалғаса беруін қаламаған жергілікті халық өздері қалаған өкілдерін басқару органдарына қоюға тырысты. Бұның ұлтының азатығына, елінің еркіндігіне ұмтылған қай қоғамға да тән заңды құбылыс екенін айтқанымыз жөн.

1917 жылы 23-27 наурыз күндері Перовск қаласында Перовск уездік ұлттық қазақ комитеті және Қазақ депутаттарының уездік кеңесі   атты екі негізгі ұйым дүниеге келеді ( бұларға қоса,кейіннен,Сералы Лапин құрған Халық өкілдері кеңесі де қызмет атқарған).Уақытша Үкімет жағындағы Уездік Атқару комитеті барынша қолдаған бірінші ұйымның (25 наурыздан төрағасы-Ералы Қасымов) адам саны көбірек болды. Жақтаушылары бастапқыда аз болған  Қазақ депутаттарының уездік кеңесі(27 наурыздан төрағасы- Хұсайын Ибрагимов) бұларды империялық режимнің мұрагері санап,қарсы әрекет етті.  Егемен даму жолын қолдаушылардың халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын кең көлемде жүргізуіне ресми биліктің өз ресурстарымен мүмкіндігінше кедергі жасап баққаны сол кезеңнің шындығы.Мұздай қаруланған жұмысшылар мен бірнеше жүз бұрынғы тұрақты әскерилерге сүйенген Перовск большевиктері (В.Агапов,И.Гержод т.б.)Х.Ибрагимовты уақытша демеп отырады.Большевиктердің көмегі тактикалық қадам ғана,ал стратегиялық есебі тіптен бөлек екенін,өкінішке орай, уақыт ұзамай - ақ көрсетті.

«Халық аңсаған азаттық, әлеуметтік әділдік заманы енді келді» -  деп, төңкерісті ризашылықпен қабылдаған Зарқұм аймақ көлеміндегі қоғамдық- саяси шараларға белсене араласады.Азаматтық ұстанымы елім,жерім,салт-дәстүрім деп қалыптасқан әрі осы ұғымдарды өзіне ту етіп ғұмыр кешкен дегдар тұлғаның басқа қадам жасауы  мүмкін де емес- ті.

 Зарқұм Перовск уездік Атқару комитеті құрамына  халық мүддесін қорғайтын тұлғаларды өткізуге бар білімі мен білігін, күш-жігерін салып,сондай-ақ, Х.Ибрагимовтың Қазақ депутаттарының уездік кеңесінің басшысы ретінде тағайындалуына үлкен үлес қосады.1917 жылы 27 наурызда қалаға жақын 7 болыстықтан 2 мыңнан аса адам қатысқан Сырдария өзеніндегі көне көпір маңайындағы Қубас деген жерде(Перовскі қаласының батыс жағы)өткен митингіні айтылғанның жарқын мысалы десе де болады. Х.Ибрагимовтың кандидатурасы және оның уезді басқару бағдарламасы бойынша қазақ және орыс тілдерінде тосылмай сөйлеп,шешендігімен халықты тәнті еткені туралы  осы митингіге қатысқан,кейінен Сыр өңіріне белгілі ақыны Әбдікәрім Оңалбаевтың (1901-1964жж.)  естелігін өз аузынан естіген ақсақалдар әлі де ортамызда. Жиын қорытындысында Қазақ депутаттарының уездік кеңесіне мүше болып сайланған 30 адамның қатарына Зарқұм да енеді. Зарқұм басы-қасында жүрген үгіт-насихат ісі көп ұзамай құлашын  кеңге сермеп,қомақты нәтижелерді бере бастайды. Перовск уезінің 21 болысынан келген өкілдердің қолдауымен 1917 жылғы 28 шілде күні Х.Ибрагимовтың ақыры Уездік Атқару комитетінің төрағалығына сайлануы – осындай жүйелі жұмыстардың жемісі.

Алмағайып заманда халық сеніміне ие болып,олардың аманатын арқалаған  Зарқұм Қуанышев 1917 жылғы 2-5 тамызда Ташкент қаласында өткен Түркістан аймағы қазақ-қырғыздарының съезіне қатысады.Бұл дерек «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» атты құжаттар мен материалдар жинағының Қазақ съездеріне арналған 4-ші томында (Астана:Ел-шежіре,2007.-208 бетте) кездеседі [18]. Съезге Сырдария облысының ӘулиеАта, Қазалы, Перовск, Черняев, Ташкент уездерінен,Ферғана облысының Әндіжан мен Наманган уездерінен,Жетісу облысының Пішпек уезінен барлығы 84 адам келді. Перовск уезінің делегаттары қатарында  Зарқұмнан басқа Махмұд Көшкенбаев,Әшір Бердиев, Хожахан Сейітов, Нұрмұхамед Ақатов, Бижан Жұмабеков сынды ел азаматтарының  болғанын айту орынды болмақ.

Съезді басқарушылар құрамы: С.Асфендияров (құрметті төраға); М.Тынышбаев(төраға);И.Қасымов,А.Мангелдин (төрағаның орынбасарлары); С.Қожанов, З.Сейдалин, Ш.Қапсалямов(съезд хатшылары); Қ.Қожықов, С.Ақаев, Ә.Кенесарин, С.Өтгенов(төралқа мүшелері).

Съездің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша 17 баптан тұратын қаулысында:Уақытша Үкіметтің Ресей мемлекетінің болашақ құрылымы туралы жоспарларына қолдау көрсетілді;Ресей федеративті-демократиялық парламенттік республикасында әр жұрт пен аймақтың билігі өзінде болуы талап етілді; Уақытша Үкімет дайындаған Құрылтай жиналысы туралы ереже жобасында көрсетілген сайлау комиссияларының құрамын жасақтау  қағидаларына өзгеріс енгізу ұсынылды.Соңғы мәселе аясында жасырын дауыс беру жолымен Құрылтай жиналысына кандидаттыққа М.Шоқай, С.Асфендияров, Қ.Қожықов, С.Лапин, Ә.Көтібаров, Х.Ибрагимов, И.Қасымов т.б. тұратын 15 адамның тізімі бекітілді. Бұдан басқа өркениет талаптарына негізделген мектеп,сот,дін,әйелдер құқы  мәселелері бойынша және жер, су, переселендер, баспасөз, қазына т.б. туралы жергілікті ұлт мүддесіне сай шешімдер қабылданды.

Сырдария облысы қазақтарының кейінгі съездері 1917 жылы 2 рет (қазан,қараша айларында),1918 жылы 3 рет (қаңтар,мамыр,қазан айларында) өткізілді. Кеңестік билік бұл басқосуларға ел арасынан сайланған делегаттардың қатысуына барынша кедергі жасап(жала жапты,қамады,т.б. қастандықтар жасады)бақты.Бұл съездерге Зарқұмның да қатыспауы,оның  кейін қудалауға іліккендердің қатарында болғанының  дәлелі іспетті.

1917 жылғы 29 тамызда Перовск большевиктер кеңесі,солдат комитеттері мен кәсіптік одақтар өкілдерінің бірлескен отырысында уездегі билікті басып алу туралы шешім қабылданды.Екі айдан кейін бұл ойын жүзеге асырған олар  Перовск жұмысшылар мен солдаттар кеңесін(Совдеп) құрады.Аталған кеңестің төрағасы И.Гержодтың(1918 жылғы 1 қаңтардан) негізгі сүйеніші - Шиелі мен Қазалы кенттерінде орналасқан бұрынғы Сібір полкінің(екі мыңдай адам)солдаттары еді.

 Өз қолындағы бар билікті топтастырған қызыл төңкерісшілердің іс-қимылы ұлт дербестігіне жету мұратынан алшақ жатқанын түсінген Зарқұм озбыр большевиктерден бойын аулақтайды. Еркіндік, теңдік, әділеттілік сынды популистік ұрандарымен халықтың біраз бөлігін соңына ерткен қызылдардың саясатына наразылығын ел арасында жасырмай айтып жүреді және совдеп билігіне бағынуды қажет деп санамайды. Өзіндік таным-түсінігі мен өмір өлшемін қорғау жолында шыңдалған күрескердің басын бір ноқтаға сыйдыру кімге болса да оңай болмаса керек. Бірде өзін тәртіпке шақырмақ болған уездік милиция жасағын Перовскіге дейін қуып тастайды. Әскери, әкімшілік әлеуетіне мастанған «Қызыл диктатор» И.Гержодтың бұған төзе қоймайтыны түсінікті еді, әрине.Зарқұмның үстінен әдейі ұйымдастырылған бір арызды желеу еткен И.Гержод өз солдаттарымен 1918 жылғы 21 маусымда оның ауылын таң сыз бере қапыда басады. Ол Зарқұмды үш баласы – Сейдахмет, Бижүсіп, Жүсіпахмет және 4 туысқан інісімен бірге тұтқындайды. Он төртке тола әлі қоймаған кенжесі Жүсіпбекті (1904-1984жж.) ауыл тұрғындары тайқазанның астына жасырып, аман алып қалғаны ұрпақтан-ұрпаққа жеткен шындық.

Түрмеде қызмет істейтін жанашыр бір азамат  Зарқұмды амалын тауып құтқармақшы болады.  «Балаларың мен бауырларыңды қайда тастап келдің деген елге не бетімді айтамын», – деп Зарқұм бұл ұсыныстан бас тартады.- «Елге бас көтерер азамат керек, ең болмаса біреуің құтылыңдар», - дегенге, -«Әкемізді тастап кетпейміз», - деп балалары да көнбейді.Ақыры сол жылғы желтоқсан айының ішінде Контрреволюция және революция жауларымен күресу үшін құрылған уездік төтенше комиссияның(төрағасы-И.Гержод) қаулысы және Перовск совдепіне қарасты әскери ревтрибуналдың заңсыз үкімі бойынша  Зарқұм мен оның балалары бар 54 адам бірге атылады. Осылайша арлан жүректі есіл ер жазықсыз құрбандық болып кете барады.

И.Гержодтың Сыр бойы халқына жасаған зұлымдығы шектен шыққасын Ташкент совдепі 1919 жылы қараша айында әскер жіберіп оны тұтқынға алып,кейіннен 10 жылға соттайды.Гержодтың қандастарымызға қарсы жүргізген қанқұйлы саясатына нүкте қоюшылардың бірі - алаштың арысы Тұрар Рысқұлов екенін айту парызымыз.

Иосиф Гержод «Соңғы парад» деп аталатын естелік - қолжазбасында «...ақ гвардияшылар қастандығына қатысқан екі рысқұловшыл ағайынды Лапиндерді (үшінші бауыры, прапорщик, генерал Дутовқа қашып кетті), өзін  хан деп жариялаған бандит Зарқұм Қуанышевті ... т.б.атқаным үшін сотталдым ... Бұл адамдардың барлығы да ЧК-ң тексеру комиссиясының қаулысы бойынша атылса да, кінәлі деп жалғыз мені таныды»- дейді [8].

Қанішер И.Гержод шығармасының өне бойынан біздің қандастарымыздың өмірін соқыр тиын құрлы көрмегені,Зарқұмға қатысты  «хан болғысы келді», «тонаушы, қарақшы», «шетел тыңшысы» деген жаранаға жуыспайтын жалған айыптар тізбегін түрлендіріп,қайталай бергені байқалады.

Жауыздығын жүзеге асырған жендеттер кейін өздерінің қылмыстарын ақтамақ болып ел арасында жазықсыз қаза болғандардың беделін түсіретін, қаралайтын дақпырттар тарата бастады. Ақпараттық айқас алаңында ешкімге дес бере қоймаған кеңестік идеологтардың еңбегі еш кетпегендігіне тарих куә. Қалыптарына келмеген ұлтымыздың хандарын, би-батырларын кертартпа, феодал, қанаушы, қарақшы, ұры,реакцияшыл деп жамандаса, керісінше,қолдары бейкүнә адамдардың қанына білегіне дейін малынған отаршылар мен большевиктерді дәріптеуге мәжбүрледі. Кешегі заманның ащы шындықтарының бірі,міне, осындай.Жалған қағидаттар мен түсініктерге кеңестік 70 жыл ішінде қалыптасқан бірнеше ұрпақтың кейбіреулері біліп сенді, көпшілігі білмей уланды.Сенгендердің сенімін құрметтей отыра,білмегендерге қолдан келгенше шындықты жеткізу әрбірімізге асқаралы міндет болмақ. Бабалар аңсаған Тәуелсіздік бұған барлық мүмкіндікті беріп отыр.

Зарқұмның есімін атауға қорқып жүрген қиын кезеңде Қызылорда облысы Жалағаш аудандық партия комитетінің І-хатшысы Қонысбек Қазантаев 1978 жылы астыртын тапсырма беріп, батырдың тұрған жерінде (Аққыр ауылының маңындағы қыстауына) көрнекті етіп,биіктігі 7 метр белгі соқтырды.Бұл елін сүйген нағыз азаматқа ғана тән іс.Қай заманда да ұлттық рухымыздың өміршеңдігін жоғалтпауы осындай  саңлақ тұлғаларымыздың арқасы.

2011 жылы маусым айында  Қызылорда қалалық мәслихаты (№1508, 20.06.2011ж. шешімі) мен әкімдігі (№44/4, 20.06.2011ж. қаулысы) қала көшелерінің біріне Зарқұм Қуанышұлының есімін берді.

Ел-халқының талайлы тағдырында өзінің жарқын істері, жанқиярлық ерліктерімен өшпес із қалдырған бітім-болмысы қайшылықты болған тұлғалар туралы әлемдік тарихта мысал көп. Британдық ақсүйек Робин Гуд,Италияның ұлттық батыры Джузеппе Гарибальди, Мексиканың ұлттық батыры, генерал Франсиско Вилья, азамат соғысының батыры, кеңестік әскери қолбасшы Григорий Котовский, ұлт-азаттық көтерілісінің қайраткерлері Аманкелді Иманов, Кейкі Көкембайұлы т.б. романтиктер шоғырында Зарқұм Қуанышұлының да өзіндік орны бар.Біз білетін айқын әрі объективті нақтылық осы.

Омаров Қали Әбдіұлы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жоғары оқу орнынан кейінгі білім бөлімінің бастығы, география ғылымдарының кандидаты, академиялық профессор

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Омаров Қ.Ә., Әбзейітов Т. Әлеуметтік әділдік ұраншысы. // Ақмешіт апталығы. – 2011. -№ 23. – 9 маусым.

2. Омаров Қ.Ә. Арыстарымызды ардақтасақ жарасады. //Халық. - 2010. -№27.-8 шілде.

3. Омаров Қ.Ә. Сырдың Робин Гуды. // Дала мен қала. – 2010. – 21 маусым.

4. Әбзейітов Т. Аманат. // Қазақ әдебиеті. – 2011. -№28-29. – 22 шілде.

5. Жүсіп Ж. Қайта тіріліп жатқан қазақ тарихы. // Алтын ғасыр. – 2011. - № 46. – 2 желтоқсан.

6. Омаров Қ., Жүсіп С. Зарқұм Қуанышұлы.//Әлімсақ.-2011.-№12.-21-23бб.

7. Дайрабай Т.Сыр елі.Қызылорда облысы: Энциклопедия. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2005. – 251 бетте.

8.Жүсіп С. Қанішер Гержодтың қолжазбасы. – Қызылорда: Абди, 2010. – 225 б.

9. Дайрабай Т. Сырдың сырлы сыры. – Алматы: Арыс, 2005. – 179-182 бб.

10. Деменұлы Т. Келте тонды Келменбет. –Алматы: Шартарап, 1996. – 141-146 бб. (Зарқұм туралы шындық).

11. Дайрабаев Т., Ақмырзаев Ы. Үш рет жазаланған Зарқұм еді. // Сыр бойы. – 1992. – 11 маусым.

12. Дайрабай Т. Гержод ылаңы. // Түркістан. – 2007. – 13 желтоқсан.

13. Бердаулетов К. Егеменді елдік жолында. // Ленин жолы. – 1990. – 16 маусым.

14. Әлқожаұлы Ж. Ататек. - Өзбекстан: Кенимех, 1996. – 143 б.

15. Тілеубайұлы С. Ғибрат. - Өзбекстан: Тамдыбұлақ, 2003. – 127-128 бб.

16. Мемлекеттік мұрағат. 213-қор, 2-тізбе, 4-іс.

17. Қызылорда облыстық мұрағаты. 1-қор, 2-тізбе, 18-іс, 107, 365 беттер.

18.Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы.-Астана:Ел-шежіре,2007.-Т.4.-352 б.

19.Тоқтабай А.Барымта-батырлық мектебі.//Отан тарихы.-2007.-№3.-186-193 бб. 

20.Баллюзек Л.Ф.Народные обычаи,имевшие в отчасти и ныне имеющие в Малой Киргизской орде силу закона.//Записки Оренбургского отделения ИРГО.-Казань,1971.-В.2.


  • Аты
  • Зарқұм Қуанышұлы (1865-1918жж.) қазақ қоғамының қайраткері,кеңестік саяси куғын-сүргіннің алғашқы құрбандарының бірі
  • Қызмет саласы
  • Батырлар