Басты бет Есімнама Ақмырза Ишан Төсұлы

Ақмырза Ишан Төсұлы

Ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті басшыларының бірі,ірі діни қайраткер.

Большевиктердің 1928 жылдан бастап жүргізген байлар мен ортан қол шаруаларды тәркілеу, жеке шаруашылықтарды ұжымдастыру саясаты қазақ халқының мыңдаған жыл қалыптасқан қоғамдыққұрылымын бұзып, күнкөріс көзі малынан айырды.Зұлым саясат аясында Қызылқұмда белең алған есепсіз зорлық-зомбылық пен мешіт-медреселердіңқиратылғаны жанына батқан Ақмырза 1930 жылы наурыз айының басында: «Дінімді де елімді де әділетсіз белсенділердің астына салып бере алмаймын! Біз жалпақ жатқан жұртпыз,бас көтерейік! Өкіметке мына өктемдікті тиыңдар, халықтың дәстүрін, дінін сыйлаңдар, мал-мүлкін талан-таражға салмаңдар, мұның аяғы жақсылыққа соқпайды деуіміз керек!», - деп халыққа үндеу тастайды. Бұны жаппай қолдаған ел азаматтарының  Шортан мешіті деген жерде Ақмырзаны  өздеріне хан сайлауы, кедейлерге қайрымдылығы, кембағалдарға мейрімділігі, қара қылды қақ жарған әділдігі, игілікті де ізгілікті істері, жүрекке жол тапқан уағыздары арқылы ишанның ел-халықтың арасында  ерекше қадір-қасиетке ие болғанының жарқын дәлелі іспетті. 

Ақмырзаның қолына қару алдырған қорғансыз халық мұңы, ел мүддесі. Өйткені байыпты зерттеулер оның азаттық жолындағы күресінде Сыр бойы халқының барлық әлеуметтік топтары болғанын көрсетіп отыр [1]. Жергілікті коммунист-белсенділердің оқиғаның белең алуынан үрейленіп, Қазалыдан шақыртқан әскеріне[2] қарсы тұру мақсатында бейбіт халықтың шоқпар, сойыл, құсмылтық сынды қарулармен жарақтана бастауы, әрине,заңды құбылыс еді.

Қол астына топтасқан үш мыңдай адамды Ақмырза екі топқа бөледі: «Қарақ» бөлігін ишанның өзі, ал «Кеңтүп» бөлігін інісі Таймырза (1905 жылы туған) басқарады. Зеңбірек, пулеметпен қаруланған жазалаушылармен алғашқы соғыс 14-наурызда Қарақ елді-мекеніне жақын Ақмырза мешітінің маңында болып, онда көтерілісшілер 170-тей адамынан айрылады [1,3,4].  Қызыл әскерлерге тойтарыс берудегі Төлеген Жекебатырұлы, Абат, Әжікерей сынды мергендердің ерліктері әлі ұмытыла қойған жоқ [2].

Күші мен қаруы басым жазалаушылармен (басшылары: Жалудь, Цуканов, Ж.Альшанский) бірнеше мәрте шайқасып, титықтаған көтерісшілерге Ақмырза:  «Жеңілетініме менің зейінім анық жетеді,ұлт мүддесін қорғау жолында өлсем арманым жоқ. Аман-сау тұрғанда бас сауғалаңдар»  – деп рұқсат береді. Қызылқұмда 1930 жылғы 26 наурызда болған соңғы шайқаста Ақмырза және оның 107 жақтасы қаза тапса, 150-дей адам жарақаттанады [3,4]. Қоршаудан сытылып шыққан 200-ге жуық көтерілісші туған жерін тастап Ауғанстанға қашады. Іле-шала қызылдардың Ақмырзаның медресесіндегі барлық діни кітаптарды, басқа да заттарды  өртеп, мешітін қиратып кетуін [2,5] ортағасырлық вандализмге бара бар құбылыс дей аламыз. Қолға түскен көтерілісшілерді жазалау үрдісінің  қаталдығы да бұдан кем түскен жоқ. Нақты айтар болсақ: 10 адам ату жазасына кесілсе, 40-тан астам адам 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айрылды. Ақмырзаның інісі Таймырза 1931 жылы 25 қыркүйекте 10 жылға сотталып, жазасын өтеуге Новосибирскіге (Сиблаг) жіберіледі[3,4].Сол күйі із-түзсіз кетеді. Ақмырзаның тағы бір інісі Тоқмырза аман-есен сытылып шығып, Ауғанстанға жетеді. Қазір оныңұрпақтары Түркия азаматтары.

Өткенімізді танып, жаңаша таразылауға, өшкенімізді жағып, асылдарымызды халқымен қайта табыстыруға кең жол ашылғаны 1991 жылы келген азаттықтың арқасы. Қызылорда қаласы әкімінің шешімімен 1999 жылы Сырдың саңлақ перзенті Ақмырза ишанның есімімен бір көшенің аталуы осы қатардағы игілікті істердің көрінісіндей[6,7].

Енді Ақмырза кім еді деген мәселеге тоқталайық. Ақмырза Төсұлы(Төсов) 1881 жылы Қуаңдария бойында ( қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Т.Көмекбаев ауылында) дүниеге келген. Жас кезінен өжеттігімен, зеректігімен, білімге ерекше құштарлығымен көзге түскен. Қызылтамдағы мешітте дәріс алып, әптиек құранын толық игерген Ақмырза алған білімін місе тұтпай 11 жасында керуеншілермен Бұхараға барып, ондағы білім мен ілімнің ордасы Көкілташ медресесіне оқуға түседі. Медреседе араб, парсы тілдерін үйреніп, шығыс ойшылдарының тарихи, әдеби, діни еңбектерін зерделейді [8-12]. Жас өскіннің бойындағы табиғи дарынға тәнті болған ұстаз-мүфтилері оған Түркияға барып білімін жалғастыруға кеңес береді. Стамбулда оқып, латын, ағылшын тілдерін меңгерген Ақмырза Ауғанстанның  Кабул, Герат және РесейдіңҚазан, Уфа қалаларын аралап, мешіттерде ілім беру үрдісі мен дәріс беру әдістемелерімен танысады [13]. Сөйтіп, қолына ислам ғұламаларына берілетін ең жоғарғы лауазым «Ахун» шатырхатын алып 18 жылдан соң елге оралады. Ол шағын денелі, сарғыш өңді, шоқшы сақалды,үнемі ақ койлек киіп, ақ сәлде орап жүретін кісі болыпты [2].

Ақмырза – ағартушы, шәкірт баулушы-ұстаз. Жаңақала ауылының маңайындағы Кеңтүп деген жерде өзіне арнап тұрғызылған (1910 жылы  Уақ Баймырзаұлы салдырған) мешітте, 1915 жылдан Көтібар мен Шортан Тілесовтердің мешітінде  Қызылқұмдағы елдің балаларын ұл-қыз деп бөлмей арабша, латынша сауатын ашып, білім нәріне сусындатқан [14].Қазаққоғамының алдындағы міндетті айқын түсінген кемеңгер ұстаздың: - «Халқым! Балаларыңды қашанғы қой соңынан салпақтатып қоясыңдар,білекті бірді жығады, білімді мыңды жығатын заманға келе жатырмыз. Елін қорғар, оған шамасы келмесе өзін қорғар білім алсын-дағы. Алла тағала ұйқылы-ояу күн кешуді,құлқын тойғаннан өзге тоят іздемес қамсыздықты біздің маңдайымызға жазып қоймаған шығар» – деген жан айқайы ел жадында.

Көзі көргендердің айтуы бойынша Ақмырза қарынның қампиғанын, бетінің томпиғанын, көженің қоюын, көрпесінің қалыңын көксеген кісі емес. Мешіттің маңындағы 20-30 үй жарлы-жақыбайға Ақмырза елдің пітір, садақаға берген малынан, астығынан теңдей бөліп беріп отырғаны осының бір ғана дәлелі. Ишанның басқа да қайырымдылық істері туралы мысал өте көп. «Халқым жерді көгертіңдер, бидай, арпа, тары егіңдер. Сонау Бұхара мен Үргеніштен астық тасығанша мына тегін жатқан жерді пайдаланайық» - деп халықты үгіттеп қана қоймай, өзі Қуаңдария суына  тал мен қауын өсіру арқылы оларға үлгі көрсеткен,сондай-ақ,тазалықтың пен ораза ұстаудың денсаулықтың бірден бір кепілі екенін айтудан да жалықпаған  ағартушы. Мыңдаған шәкірттерінің арасынан көпке белгілі тұлғалар аз шықпаған.Бұл қатарда ҚазКСР Ғылым академиясының корреспондент – мүшесі Серғали Толыбеков, Бәйіш Сұлтанов, Кәмаладдин Шүкірәліұлы, Абдулла Сандыбекұлы,  Әбдірахман Әбдіәліұлы, Жағыпар Бермаханұлы, Ермұхамбет Шабарұлы, Уәли Дәрменқұлұлы, Дәужан Қуаңбайұлы, Әбдіәли Маймақұлы, Әбдіқапар молда және т.б. шәкірттері бар [2].

Ақмырза ғылым мен білімнің шыңынан көрінген тұлға.Шығыс ойшылдарының еңбектерімен етене таныс ол өзі де ғылым тылсымын білуге, мәңгілік пәлсапалық сұрақтарға жауап табуға ұмтылады. Бүкіл ғұмырын исламныңқыр-сырын оқып-үйренуге арнаған Ақмырзаның діннің аса танымал насихатшысы да болғанын біз уақыт биігінен көріп отырмыз. Сонымен қатар ол ірі ислам дінін  зерттеуші,  Имам Әбу Ханифа мәзһабы бойынша діни тақырыптарды қамтитын құнды еңбектердің авторы. Ақмырзаныңқаламынан шыққан ғылыми және дүниетанымдық кітаптар мен оқулықтар  кезінде халық арасында кең тараған. Солардың арасынан бүгінге жетіп отырғаны Иман, Ислам, Ықлас деген бөлімдерден тұратын «Түркі иман» атты еңбегі мен «Хадис» кітабы [2, 15].

Патшалық Ресейдің тамырын тереңнен алған отарлау саясатының мақсаты мен салдарын жақсы түсінген Ақмырза  I-Дүниежүзілік соғысқа қатысушы Ресей әскерінің тыл жұмыстарына қазақтардан адам бермеу бағытында1916 жылы ел ішінде болған наразылықтарды қызу қолдаған. Ақмырзаның Қазан революциясынан бері қарай да Кеңес үкіметінің ымыраға келмес ашық жауы болғаны және елдің арасында тәуелсіздік идеясын тарату бағытында үздіксіз үгіт-насихат жүргізгені туралы деректер мемлекет мұрағатында жеткілікті [3,9].

Ғылым мен ілімнің тылсымын зерттеп- зерделеуге, адамгершілік пен биік парасаттылықты насихаттауға, халқын оқыту,ағарту және азат ету сынды ұлы  мақсаттарға бар саналы өмірін арнаған Ақмырза ишанның  ұлт зиялылары шоғырынан алар орны берік.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1.Байқадамов Н.С. Сырдария округіндегі күштеп ұжымдастыру және шаруалардыңқарсыласу қозғалысы (1928-1932жж.).//Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертация. – Алматы, 2001. – 112 б.

2.Өтебаев Қ. Би болып өткен бабалар. – Өзбекстан: Үшқұдық, 2009. -147 б.;Әбіл Е. Қарақалпақстанда қазақтың басын қосқан.//Сыр бойы.-2013.-9 қараша.

3.Қазақ ру-тайпаларының тарихы. Қаракесек бірлестігі (Әлім,Кете,Шөмекей). – Алматы: «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы, 2010.-Т.13 (2-кітап). – 546 б.

4.Омарбеков Т. 20-30-шы жылдардағы Қазақстан қасіреті. – Алматы,1997. – 151 б.

5.Жұмашұлы А. Ақмырза ахун кім еді? // Ана тілі. – 1992. - 10 қыркүйек.

6.Омаров Қ.Ә. Ғұлама. Ұстаз. Ағартушы. // Ақмешіт апталығы. – 2009. - №38. – 24 қыркүйек.

7.Иманғалиев С., Қыстаубаева З. Қызылорда көшелері. – Алматы, 2009. – 216 б.

8.Қожақов Ө.Ақмырза ишан бастаған көтеріліс./Сыр елі. Қызылорда облысы. Энциклопедия. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2005. – 81 б.

9.Дайрабай Т.Төсов(Төсұлы)Ақмырза./ Сыр елі. Қызылорда облысы. Энциклопедия. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2005. – 493 б.

10.Кәрібозұлы Б., Тайман С., Мыңжасов Н., Тұяқбаев Ғ. Сырдария. – 2011. – 326 б.

11.Омаров Қ.Ә. Ұлылар ұлағатыүзілмейді. // Жалын. – 2010. - №4. – 36-40 бб.

12.Омаров Қ.Ә. Сыр өңіріндегі ағартушылар хақында. // Қазақ тарихы. – 2010.-№ 1. -7-10, 50 бб.

13.Кеніштайқызы Г., Бітімбай А. Сыр өңірінде әулиелер институтыныңқалыптасуы. // Арал өңірінің тарихи-мәдени мұралары және әлеуметтік экологиясын зерттеу басымдықтары атты республикалықғылыми-тәжірибелік конференция материалдары.- Қызылорда: Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, 2011. – 81-84 бб.

14.Нұртайұлы С. Дін кереметі. – Алматы, 1997. – 100 б.

15.Мұхаммед пайғамбардың хадистері. / Аударған Н.Қазыбеков. – Алматы: Жазушы, 1994. – 64 б.

  • Аты
  • Ақмырза Ишан Төсұлы
  • Қызмет саласы
  • Батырлар
  • Туған күні
  • 1881
  • Қайтыс болған күні
  • 1930