Басты бет Есімнама Әбілмәмбет хан

Әбілмәмбет хан

Әбілмәмбет хан (шамамен 1690-1771) – хан, Болат ханның үлкен ұлы, Тәуке ханның немересі. Сәмеке өлгеннен кейін Орта жүзге хан сайланған. Шыңғыс тұқымының аға тармағы Жәдік әулетінен тарайды.

Әбілмәмбет хан (шамамен 1690-1771) – хан, Болат ханның үлкен ұлы, Тәуке ханның немересі. Сәмеке өлгеннен кейін Орта жүзге хан сайланған. Шыңғыс тұқымының аға тармағы Жәдік әулетінен тарайды. Абылайдың билікке жетуіне себепші болған. Әбілмәмбет хан 1740 және 1742 жылдары Ор бекінісіне, Орынбор қаласына Орта жүздің белді старшын, сұлтандарын бастап келіп, Анна Иоановнаға ант берді. Ол жонғар шапқыншылығы елге қауіп төндіріп тұрған ауыр жылдарда елбасшысы ретінде көсемдік, ұйымдастырушылық қабілетін көрсете алмады. Бірақ қарамағындағы Абылай, Барақ сынды сұлтандардың қазақ руларын қалмақтарға қарсы күреске жұмылдыруына кедергі де жасаған жоқ. Әбілмәмбет хандық құрған тұста 18 ғасырдың 30-шы жылдарының соңы 40-шы жылдарының басында, Әбілқайыр ұлы Ералы сұлтан Орта жүздің басты рулық бірлестіктерінің бірі керейлерге билік жүргізді. XVIII ғасырдың 30-шы жылдарының аяғында Әбілмәмбет хан бізге белгілі құжаттарда Абылай есімімен қатар аталады. Орыс тарихшысы А.Левшин: «1739 жылы Орта жүзде Сәмеке ханның орнына хан сайлаудан бұрын Әбілмәмбет пен Абылай екеуі бірдей хандық билік жүргізген»,- деп жазады. Әбілмәмбетке қатысты келесі маңызды мәлімет 1740 жылғы тамыздың 19-ы мен қыркүйектің 1-і аралығында Орынбор қаласында өткен қазақ-орыс келіссөзі жөніндегі материалдарда ұшырасады. Келіссөзге XVІІІ ғасырдағы қазақтың белді азаматтары - Әбілқайыр хан атынан Нұралы, Ерәлі сұлтандар, арғын Жәнібек, тама Есет және табын Бөкенбай батырлар, Орта жүзден Әбілмәмбет хан, Абылай сұлтан, Бөгенбай батыр, т.б. қатысқан. Оның барысында орыс үкіметі үшін алдын-ала дайындалған жоспар бойынша ең бастысы қазақтарды «бодандыққа» көндіру болса, ал қазақтар үшін сауда-саттық, тұтқындар алмасу, Еділ қалмақтары шабуылдарын тоқтату мәселелері алға тартылады. 1738-1740 жылдардағы Ресей мұрағатындағы осы құжаттар ғылыми айналымға қосылған. 1744 жылы Әбілмәмбет өзінің жасақтарымен Түркістан қаласына көшіп кетті де, Орта жүз Абылай мен Барақ сұлтандардың билігінде қалды. 1757 жылы Қытай қолбасшылары Фу Дэ, Чжао Хой бастаған әскер Қазақстан шекарасына басып кірген болатын. Цин әулетімен әскери-саяси тартыстың қазақ елі үшін қауіптілігін түсінген Абылай, Әбілмәмбет, Әбілпайыз ақылдаса келе, Қытай мемлекетімен арадағы кикілжіңді келіссөзбен шешуге бел байлады. Сөйтіп, XVIII ғасырдың 20-30-шы жылдарында жоңғарлар басып алған шекаралық аймақтағы жайылым жерлер дипломатиялық жолмен қайтарылып алынды. Әбілмәмбеттің үлкен ұлы Әбілпейіз Абылайды барынша қолдап, 1771 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін дәстүрлі құқынан өзі бас тартып, Абылайдың хан сайлануын қолдады. 

Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 1-том 

Әбілмәмбет хан
  • Аты
  • Әбілмәмбет хан
  • Қызмет саласы
  • Ел басқарушылар, хандар, сұлтандар
  • Туған күні
  • 1690
  • Қайтыс болған күні
  • 1771