Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мақаш Бекмұхамедов

Мақаш Бекмұхамедов - e-history.kz
Аты Мақаш Бекмұхамедов
Туған күні 1830
Туған жері Атырау облысы
Қайтыс болған күні 1904
Қайтыс болған жері Атырау облысы
Мақаш Шолтырұлы Бекмұхамедовтың туған халқына істеген игі істері турасында азды-көпті тұжырымды зерттеу, ізденістері бар. Олар түрлі басылымдар мен жекелеген кітаптарда айтылып та жүр.

Мақаш Бекмұхамедов 1830 жылы ішкі Орда жеріндегі қазіргі Атырау  облысының Құрманғазы ауданына қарасты Мақаш атындағы өндірістік кооперативтік территориясындағы Сасықтау деген жерде дәулетті отбасында дүниеге келеді. Руы жағынан өз жұрты – Шеркеш, оның Қойыс, Қойыстың Дербісінен. Қойыс пен Дербіс қалмақ шапқыншылығы кезінде ел қорғаны атанған белгілі батырлар.

Кезінде Кіші жүздің белгілі биі, ру мен ру арасындағы бірлік пен туыстықтың ұйтқысы болған Түрке – Мақаштың жетінші атасы. Ал өз атасы Бекпенбет (Бекмұхамед) Жәңгір хан тұсында өмір сүрген. Оның билік сөздері әлі күнге ел аузында айтылып жүр. Атасы еті тірлігінің, парасат-пайымының арқасында ел ішінде беделді болған. Көнекөз қариялардың айтуынша Петербордың заң факультетінде оқыған, аймақтың әкімшілік мәселелеріне араласып, кеңесші ретінде Жәңгір ханмен үзеңгі қағыстырып ақ патшаның алдына барған. Мақаштың нағашы жұртына келсек анасы Қамқа Қызылқұрт руының Соба бөлімінің белгілі биі Жұбаныштың қызы. Жұбаныштың әкесі Айтуған да би болған. Екеуі де Жәңгір ханың ақылшы-кеңесшілері көрінеді.

Қамқа кезінде Бекпенбеттің би келіні атанған өте ақылды, ел анасы болған адам. Ол екі перзент сүйген, бірі – Мақаш, екіншісі – қыз, Сара қоныстас ауылдағы төре тұқымы Әбілхайырдың алтыншы ұрпағы Құлманға тұрмысқа шығып, бірақ ұзақ ғұмыр сүре алмай, жастай қайтыс болады. Артында қалған жалғыз ұлы Бақтыгерей нағашысы Мақаштың көмегімен Санкт-Петербург университетінің шығыс тілдері факультетінде оқып, заманында ортасына белгілі, халқымыздың біртуар ұлдарының бірі атанды.

Мақаш 1841-1845 жылдары осы Жәңгір мектебінен білім алды. Сахарада аң аулап, мал баққан қазақ баласының ғасырлар бойы қалыптасқан ой-өрісі мен түсінігінің өзгеріп, болашақ қоғамдық санасының орнығуына бұл мектептің әсері мол болды. Алғашқы күннен білім бұған дейінгі арабша, қара танытып, не құран сүрелерін жаттатып қою ғана емес, таза еуропалық тілді және ежелгі шығыстық діни ілім-білімді де үйренуге негіздеген жаңа үлгіде, арифметика, жағрафия, тарих, орыс тілі сияқты негізгі пәндер бойынша сабақ жүрді. Сонымен қатар, мұнда жастарды адамгершілік пен имандылыққа баулитын шығыс халықтарының мәдениеті мен өнерін, тарихын үйретуге негіздейтін тағылымды діни оқулар, араб, татар тілдері оқылды. Онда бұл елдердің ерте дамыған жазу, сызу, баспагерлік ісі жәйлі кеңінен әңгімеленді. Аталған пәндерден Орынбор мен Қазан, Астрахань қалаларынан әдейі шақыртылған Константин Ольдекоп, Садриддин Әминов сынды ұстаздар сабақ беретін еді.

Бір қуаныштысы – қариялар әңгімесі мен тарихи құжаттарда айтылатынындай, Жәңгір мектепті үздік бітірген түлектерді осында алған білім аясында қалдырып қоймай, Ресейдің Санкт-Петербург, Саратов, Қазан, Орынбор, Омбы сияқты қалаларындағы ірі-ірі оқу орындарына жіберіп оқытқан және оларға арнаулы стипендиялар төлеп тұрған. Мәселен, кейін Ордада уақытша Кеңес төрағасының кеңесшісі болатын Д.Қосуақов Қазан Университетін, жоғары айтқан Б.Құлманов Санкт-Петербург Университетінің шығыс тілдері факультетін, жеті түлек Стамбулдағы діни семинария бітіреді. Ал, Ғабдолғазиз Мұсағалиев деген жас Мысыр шаһарындағы дарулфанниннің (университеттің) толық курсын, тағы да бір университетті бітіріп, шығыстың сегіз тілін меңгерген. 

 Жәңгір мектебін үздік бітірген Мақаш Орынбор қаласындағы Неплюев кадет корпусына оқуға түскен соң оларға шекаралық комиссияның төрағасы, шығыстанушы ғалым (кейіннен Ы.Алтынсаринге де ұстаздық еткен) В.В.Григорьев дәріс оқиды. Мақаш өзінің әріптес досы М.С.Бабажановпен бірге ұстазының үйінде күн құрғатпай болып, ғалымның бай кітапханасымен, әлемдік әдебиеттің мол қорымен емін-еркін танысады. Онда Мақаш жалғыз емес, қасында Бөкей ордасынан Шалабаев Сұлтан, Саңғырықов Мырзағали, Ниязов Жүсіп, Жантөрин Сұлтанмахмұд, Бөкейханов Арыстангерей, Бабажанов Мұхамед-Салық және Нұралыханов Зұлқарнай сынды ұлдар болатын.

Мақаш 1852 жылы кадет корпусын тәмәмдаған соң елге оралып, Орда қаласындағы Уақытша кеңесте тілмаш болып орналасады да, арада бір жыл өткенде Каспий теңізінің терістігіндегі 1-ші және 4-ші округтерді қоса (қазіргі Атырау облысының қазіргі Құрманғазы, Исатай, Махамбет, Индер аудандарының біраз бөлігі) басқарушы әкім қызметтерін атқарады.

Бір айта кететін жайт – ол кезде Бөкей даласы бес қисым (бөлік), екі округке (аймақ) бөлінетін. Солай бола тұрса да, олардың қай-қайсысы да жалпы түрде ханға, кейіннен Уақытша кеңеске бағынған. Бірақ әрқайсысының жеке әкім-басқарушысы болған. Атап айтқанда, олар – Тарғын, Қалмақ, Нарын, Қамыс-Самар, Талов бөліктері мен Каспий жағалауындағы бірінші және екінші округтер. Мақаш болса, соңғы екі округте түрлі жылдарда жеке-жеке де, қосарлап та жарты ғасырға жуық басшылық еткен. Оны сол кездегі Астрахань губерниясының  жыл сайынғы жарық көрген статистикалық естелік кітаптарындағы мәліметтер дәлелдейді.

Мәселен, Мақаш 1886 жылға дейін (бірақ қай жылы бастағаны белгісіз) екі округте қатар, ал 1886 жылдан бастап екінші округте әкім болған. Бұл округтер территориясы қазірше айтсақ, Исатай ауданының Таскран учаскесінен Астрахань облысының Құмөзек ауданына дейінгі кең алқапты қамтиды. Былайша айтқанда, оған Құрманғазы, Исатай, Индер, Ресейдің Қызылжар, Володар аудандарының тұтас және ішінара бөліктері кіреді.

1894-1897 жылдары Ордадағы Уақытша кеңестің кеңесшісі болып, кейін зейнеткер атануына орай әкімшілік қызметтен біржолата босайды. Бұл кезде оған патшалық Ресей тарапынан жасауыл шені және «Әулетті дворянин» деген құрметті атақ беріледі. Сондай-ақ өзі басқарған өңірде денсаулық сақтау мен халық ағарту ісін ұйымдастырудағы үлгілі қызметі үшін патшалы Ресейдің жоғары марапат белгісі төртінші дәрежелі Қасиетті Владимир, екінші дәрежелі императорлық тәжді қасиетті Станислав және үшінші дәрежелі қасиетті Анна ордендерімен әр жылдары марапатталды.

Егер нақты емес деректерге назар аударсақ, ол өз өмірінде орыс патшасына сегіз рет өтініш хат жазып, үш рет қабылдауында болған. Әрине, оның бәрі қандастарының қамын ойлаудан туған іс болса керек.

Мақаш өмірінің соңғы 20-25 жылында халық ағарту ісі, денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлген. Әр жылда Қазанның, Уфаның діни медреселерін бітірген жастарды шақырып, оларды ел балаларын оқыту үшін жалдаған. Елдегі жиі бой көрсететін оба, сүзек ауруларының алдын алу үшін Астрахань, Сарытау қалаларынан арнаулы маман дәрігерлер шақырған, елде амбулаториялық бекеттер аштырған. 

Ол кезде Бөкей ордасы екі округ, бес қисымға бөлінсе, бір кезеңнің өзінде қазіргі территориялық бөлініспен есептегенде алты аудан орналасқан аймақты жеті әкім басқарған. Бірақ солардың ешқайсысы Мақаштай ұзақ басқарып, зор беделге ие болған жоқ. Өлкеміздегі белгілі дәрігер, Санкт-Петербургтегі Кронштадт әскери фельдшерлік мектебінің 1902 жылғы түлегі Қажығали Мәмеков ертеректе жергілікті газетте шыққан бір естелігінде өзінің Мақаш әкімді әлденеше рет көргендігі, әңгімесін тыңдағандығы жайлы айта келіп: «Ол еш уақытта өз қолындағы билік, әкімшілік құқығын пайдаланып, парақор болды не жарлы-жақыбай, әлсіздерге тізесін батырып, озбырлық жасады дегенді естіген емеспін. Есесіне қайткенде наданның көзін ашып, сотқарды тезге саламын, қара қалтай қазақтың тұрмысын жақсартып, көңілін көтеремін деген жан еді. Амал не, біздің округте Мақаштан кейін халықтың қамын жебеген жібі түзу билеуші болған жоқ» деп өкініш білдірген-ді.

Мақаштың сол кездегі Бөкей ордасы, Астрахань бойында ат ізін салған еуропалық оқыған, зиялы қауым өкілдерімен байланысы жақсы болған. Жерлесіміз Петербург университетінің профессоры, шығыстанушы И.Н.Березинмен жақсы қарым-қатынаста болып, оған қазақ халқының мақал-мәтелдері мен өлең-жырлары, шешендік сөздері, жұмбақтарын хатқа түсіріп, жіберіп отырған. Венгр ғалымы А.Вамбери, орыс саяхатшысы, табиғаттанушы Г.С.Карелиндермен де шығармашылық байланыста болған. Орыстың көрнекті Шығыс зерттеушісі В.В.Григорьев сынды ұстаздан (Шоқанның да ұстазы) тәрбие алып, қайынжұрттан келіп жүргенде талай кездесіп, сыр бөліскен белгілі ағартушы Ыбырай Алтынсаринмен бірігіп, халық ағарту, оның келешегі туралы мақала жазған. Мақаш көрші ағайындардың өтініші бойынша Дағыстан балаларына орыс әрпінде (кириллица) әліппе жазып берген деген де әңгіме бар. Әрине бұлардың кейбірі әлі де тереңірек зерттеуді, сөйтіп, өлкеміздің озық ойлы ағартушысының тарихи тұлғасын даралап, саралауды қажет етеді.

Бірақ, қазірдің өзінде Мақаш Шолтырұлы Бекмұхамедовтың туған халқына істеген игі істері турасында азды-көпті тұжырымды зерттеу, ізденістері бар. Олар түрлі басылымдар мен жекелеген кітаптарда айтылып та жүр. Ал Қазан қаласынан жарық көрген «Жақсы Үгіт» кітабы мен «Астраханьское ведомости», «Астрахань хабаршысы» газеттерінде басылған екі мақаласын тауып, оларды «Мақаш әкім» атты кітапта, жергілікті газеттерде жарияланды. Мұндай жұмыстардың әлі де жалғаса беретіні сөзсіз. Өйткені, Мақаш мұрасына қызығушылық жаңа басталды. Ендеше тарихи тұлғаның халқы алдындағы адал еңбегін әділ бағалау – бәріміздің абыройлы борышымыз болса керек. Мақаш 1904 жылы өзі туған өңірде қайтыс болды.
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?