Шал ақын

Шал ақын (Тілеуке) Құлекеұлы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысындағы Азат темір жол станциясының маңында дүниеге келген.

Шал ақын (Тілеуке) Құлекеұлы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысындағы Азат темір жол станциясының маңында дүниеге келген. Өмірінің негізгі бөлігі өткен жер – қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Сергеев ауданының аумағы. Баласы болмай келіп, қартайыңқыраған шағында Шал ақын Мәлібай, Мәлике деген екі перзент көріпті. Мәлібайдан қазір ұрпақ жоқ. Мәликені қалың Қыпшақ ішінде Нұрым деген кісіге ұзатқан екен, Нұрымнан Айтбай, Айтбайдан Наушабай, Наушабайдан белгілі ақын Нұржан Наушабаев туған.

Шалдың алғаш ақындық даңқы шығуы – он бес жасында. Осы жасқа келгенде ел ішіндегі төреден де тайсалмай, көңіліндегі сөзін айтып салып, қарап отыратын болыпты. Содан өмірінің соңына дейін ақындығының арқасында қысылғанда сөз тауып кететін шешендігінен танбапты. 

 Абылай ханның қасындағы белді билердің бірі Күлен шешенге бір жолы былай депті:

Төрт ауылдың бір биі Күлен шешен,

Төреңізді тура бер құдай десең,

Өлсең де, қабірінде тек жатпайсың,

Төре беріп біреуден пара жесең, –

дейді Шал.

Басеке, мал жануар басқа бітер,

Қына шөп секілді ол тасқа бітер.

Үйінен ит жаланып шықпайтұғын

Өзіңдей жатып ішер насқа бітер, –

депті тағы бір жерде Баспай деген байға.

Зорлықшыл жуандарды осылайша сынап-мінеген Шал ешкімді жөнсіз мақтамаған. Шал артында қалған мұра мың жарым жол шамасындай, соның ішінде ақынның жағымпаздығын білдіретін ешқандай сөз жоқ. Демек, Шал арлы да, азамат ақын болған.

“Мен өзім талай сөзді хатпен жазғам” – деген бір өлеңіне қарағанда, Шал жаза алатын сауатты адам болған. Ол кездің қазақтары ауылдан ауыл қыдырып, үйден үйге қонып жүре берген. Бір жолы Шал бөтен үйде қонып жатып, әрі ақылды, ибалы қызына риза болып, былайша өлең шығарған екен:

Пайдамды тигізермін, келсе шамам,

Қолына ал ойланып қағаз-қалам,

Ақынның аса  зерек әңгімесін

Жиып ал үлгі қылып тегіс тәмәм.

Ақын бол бөгелмейтін тіл мен жағың,

Жазудан тоқталмасын он саусағың.

Артылып алапатың абыройлы,

Күн сайын аса берсін өнер бағың.

Демек өзі жаза білетін ақын басқа талаптылардың да ойын жазып қалдыруын қалайтыны сол сөздерінен-ақ көрініп тұр. Әріп танитын ақындардың бір бірімен хат жазысуы сол замандарда-ақ дәстүрге енген. Бір ақын қыздың Шалға жолдаған хаты мынадай:

Базардан алып келген сауыр кебіс,

Естимін Шал ақынды еміс-еміс.

Біздерге ноғай деген дерт шығыпты,

Айтып бер дағуасын, емін тегіс.

Ислам дінінің қағидаларын жақсы меңгерген Шал өз заманы үшін білімдар адам болған. Соған қарамастан ақынның кейінге жеткен өлеңдері ауызша шығарылған және жыраулық дәстүрден гөрі ақындық сипаты басым болып көрінеді. Өлеңді көркемдікпен құрай білуі, шығару машығы Шалды шын мәніндегі ақын етіп танытады.

Ол суырып салып өлең шығару өнерін мейілінше жетік меңгерген. Мысалы, Шал бір үйге келсе,  үй иесі әйел сабын қайнатып жатыр екен, кәрі ақынды онша адамсынып, елей қоймайды. Сонда Шал ақын қолма-қол:

Сабының сақар болсын дені, келін,

Көрмедің шыбын құрлы мені, келін.

Жұрт сыйлаған басымды күлге теңеп,

Жаярмын талай жерге сені, келін, –

деп суырып салыпты.

Ел аузында оның Кіші жүз Молтыр бидің үйіне қонуы жайлы да әңгіме қалған.  Ақынды сыртынан жақсы білетін би бір көтерем тоқтыны союға әкеледі де, “Ал, бата қылып жіберіңіз” – дейді. Тоқтыны көріп, көңілі қалған Шалдың батасы мынадай:

Енесі жануардың имеген бе,

Көп қойдан шөп қағытып, тимеген бе?

Антұрған қатын сауып қақтаған ба,

Болмаса қойшы оңдап бақпаған ба?

Алты ай жаздай бір теңі келмей жүріп,

Молтыр би бізге арнап сақтаған ба, алла акбар!

– деп, бет сипапты. Суырып салып шығара беретін мұндай шумақтардың ақын талантынан, тапқырлығынан хабар беретіні сөзсіз.

Шал поэзиясының басты тақырыптары – ислам діні, адам өмірі, өмірдің мәні, фәни мен бақи мәселелері.

Адам өмірінің кезеңдеріне байланысты шығарған өлеңдері де біраз. Олардың көпшілігі ақынның бойынан қуат кетіп, ауру болып, ұзақ күнді төсекте жатып өткізген кездерінде, қартайған шағында туған деуге негіз бар. Бұл шығармалардағы ойды жеткізу тәсілі бірдей емес, ақын адам жасына байланысты  жеңіл тақпақ түрінде де, ұзақ толғау ретінде шығара берген. Адамның туғанынан өлгеніне дейінгі өмір жолын тұтас қамтитын ұзақ өлеңдері философияға толы әрі бейнелі.

Ақынның ерекше шабытпен жырлайтыны – қайғысыз, қамсыз, балалық шақ.

Бір жаста, екі жаста бесіктемін,

Бес жаста тәңірі берген несіптемін,

Алты жаста қайыңның тозындаймын,

Жеті жаста ойпаң жер бозындаймын,

Он жасымда сүт емген қозыдаймын ...

Сегізде бала болып ойнап едім,

Тоғызда тайлы суға ойлап едім ...

Он бес деген жасым-ай,

Жарға ойнаған лақтай ...

Балалық шақтан кейінгі бозбалалық, жігіттік дәурен, ересек тартқан шақ, жер ортасы егделік және қарттық. Яғни, қайран жиырма бес, жігіт ағасының жасы отыз, қырық, елу, алпыс және ары қарайғы кезеңдер.

Жиырма деген жасым-ай,

Көлге біткен құрақтай,

Отыз деген жасым-ай

Таудан аққан бұлақтай ...

Жиырмада құрып өттім жігіт салтын,

Ойламай ешнәрсенің алды-артын.

Бар болса елде сұлу менікі деп,

Болмапты ешнәрседен сонда парқым ...

Бұл бір соққан желдей есіп өткен қызық дәурен. “Қынаптағы қылыштай” қырықтан соң күрк-күрк жөтелген, ақ таяқты ақбас кәрілік жетеді.

Кәрілік жарасады сәніменен,

Оның сәні келеді малыменен,

Жолдасы арқа жылытар, аяқ сипар,

Жұмсақ төсек, тәтті тамақ бәріменен.

Адамның баппен қартаюын осылай дәріптеген Шалдың өзі қартайғанда онша күйлі болмаған көрінеді. Ақын өз өмірін ойламай, мал жимай, өнермен, өлеңмен өткізген. Сондықтан төсек тартып жатқан ақын кедейлікке көнгісі келмейді. Бойдан күші кетіп, қуаты күн сайын кеміген ақын кәрілікті даттап, былайша шер тарқатқан екен:

Қартайғанда мүкістеу болар құлақ,

Жас ағып екі көзден тұрар жылап ...

Ауыздан опырайып кетер пішін ...

Белгісі кәріліктің кеудең толар ...

Қартайсаң, аяқ, тізең ауырады,

Жатудан жамбастарың жауырады ...

Таяққа қартайғанда асыларсың ...

Әрине, бұл арада Шал тек өз басының ғана мұңын ғана жырлап отырған жоқ, бұл – пенде атаулының көрер күні. Бұл тақырыпқа ақынның қайта-қайта оралып соға беретіні де сондықтан.

Шал шығармашылығының едәуір бөлігі Ислам дінінің құдіретіне, жаратушының артықшылығына арналады. Көп өлеңінің мазмұнына қарағанда Шал, шынында да, Мұхаммедтің үмметі деген атын ақтаған, таза жүректі мұсылманның нақ өзі.

Жақсыны алыс, жаманды жақын деме,

Жақсы атансаң, біреудің хақын жеме.

Жақсымын деп момынның малын жесе,

Жаман адам сол болар, мақұл деме.

Зұлымдыққа жол бермеу, жамандықпен күресу әр жанның парызы дейді ақын. Сондықтан ол өз шығармаларында жақсылық қайдан шығады, жақсы адам дегеніміз кімдер, жамандық неден туады, жаман адамдар қандай деген мәселенің төңірегінде өз философиясын кестелеп жеткізеді.

Адамның әлеуметтік-тұрмыстық орнына да байланысты салыстырмалы суреттемелерінде философиялық толғам бар. Мысалы, жақсы әйел, жаман әйел, жақсы жігіт, жаман жігіт, жақсы келін, жаман келін туралы жазған шығармалары да осындай сипатта болып келеді. Қазақтың ескі патриархалдық қоғамның қаймағы бұзыла бастаған заманында өмір сүрген Шал жұрттың алты бақан алауыздығын, аталас рулардың қоныс үшін, қыстау үшін, өзара таласып, қырқысқанына да куә болып отырды. Ол адамның адамдық қасиетінің бір белгісі  бірлікке, ынтымаққа ұмтылушылықта деп біледі. Оның поэзиясындағы басты көркемдік кредоларының бірі – ел ішін осылайша бірлікке, ынтымаққа шақыру.

Ағайының көп болса,

Бірлігі оның бек болса,

Жамандық жер кез келсе,

Бір-біріне сеп болса ...

Шәйі, сиса, асыл қылыш – елдің көркі,

Ер жігіт жауға аттанған – елдің көркі,

Жарасар әрбір нәрсе өз сәнімен,

Аққу-қаз – айдын шалқар көлдің көркі.

Гүл-шешек орман өсіп желкілдеген,

Биік тау, асқар төбе – жердің көркі,

Ағайын бір уақыт жақсы болса,

Сонымен табылады елдің көркі.

Өлеңдерінің біраз бөлігі үгіт, насихат түрінде ақыл беру, үлгі айту сияқты дидактикалық сарында болып келеді. Бірақ жалаң ақыл емес, ойды көркемдеп жеткізе алған.

Жамандар өзін-өзін зорға балар,

Бір өзінен басқаны төмен санар.

Жақсылар ағын судай, асқар таудай,

Жаймалап қайда жақсы орын алар.

Ақынның өмір мағынасын философиялық тұрғыдан жақсы түсіне алғанына осындай өлеңдері куә. Жақсылықты ту етіп көтере отырып, жамандықтың барлық түрін жерлейді, жұртқа жиренішті етіп көрсетуге тырысады. Бұл арада ескі ақын-жазушылардың үгіт-насихат түрінде келетін өлең-жырларына тән сипат анық көрінеді.

Шал сияқты ақын-жыраулар бауырластарын жаманшылықтың кесепатынан жирендіруге ұмтылып отырған. Дидактикалық сарын адам бойына жақсының шапағатын дарытпақ ниеттен туды. Бұл шығармалардың өз кезінде жастарды тәрбиелеуде, тентекті тыюда елеулі қызмет атқарғаны сөзсіз. Өз заманы үшін Шал жаңа типтегі ақын болды. Оның отты да ойлы жырлары кейінгі ақындар үшін өзгеше бір мектепке айналған деуге болады. Бірақ онда таза дидактикалық сарын аз, ишара, мегзеу басым. Жыраулар поэзиясына еліктеп, ескі дәстүрден қол үзіп кетпеген ақындардың дәстүрлі соқпағы нақыл термелер де Шал шығармашылығына тән бола бермейді. Шалдың ден қоятыны – ескі 11 буынды қара өлең үлгісі.

Бұл күнде көңілім ауыр қорғасыннан,

Көп қылдым жігіттікті мен басымнан.

Сауырдан су төгілмес боз жорға едім,

Тарлан тартса танбайтын жорғасынан.

Өткен еске түскенде құлазимын,

Ақ киіктей айрылған ордасынан.

Осы арада лирикалық кейіпкердің бейнесі атойлап алға шыққан. Бұл – ақынның өзіндік “мені” көрінген лирикалық поэзиясының үлгісі. Мұндай жолдар алдыңғы буын ақындарда жоқ. Шал Бұқарға дейінгі ескі сүрлеуден шығып, өлең туғызудың жаңа үрдісіне бет алған.

Ақынның тағдырға налыған “Жер түрлентіп жараттың” деп басталатын өлеңіндегі философиялық тұжырым айқын. Жер – желкілдеген бозымен, қой – бауырындағы қозымен көрікті. Тау – жылғалап аққан бұлағымен, көл – жағалай біткен құрағымен, ешкі – бауырындағы лағымен көрікті. Тек ақын ғана жалқы, ақын ғана жалғыз: оның перзенті жоқ. Ақын өзінің зарын арқарға теңейді.

Шалға дейінгі жеке ақындар творчествосында әйел заты кең жырлана қоймаған. Ал, Шал болса әйел затының табиғатына үңіле отырып жырлады, жан дүниесін ашып көрсетуге талпыныс жасады.

Қазақ өлеңін тақырып жағынан да кеңейтуге қосқаны.

Қазаққа пайда мынау: малын бақсын,

Отқа жайып, суарып, бағып-қақсын,

– деп келетін шаруашылыққа, тұрмысты түзетуге байланысты шумақтардан байқалады. От басы, ошақ қасының әңгімесі баяндалатын бірлі-жарымды шумақтарында да тұжырымды ойлар көрінеді. Өмірмен қоян-қолтық араласудан туған өлеңдерде жалаң популизм жоққа тән. Біреулер не болса сол өлеңге қосылып, баяғы Шалкиіз, Бұқарлар тұсындағы көркемдікке, ойлылыққа құрылған жырлардың ауылы алыстады деп те сынады. Әдебиет зерттеушілердің кейбірі тақырыптың аясы, философиялық тереңдігі жеңілдеп, Шал поэзиясы шегініс болып есептеледі дейді. Бірақ бұның – болуға тиісті шегініс екенін түсіну керек. Көркемдік тақырыбы реализмге негізделген Шал шығармашылығы ескі жыраулық поэзияның өтіп бара жатқандығын аңғартты. Сөйтіп, қазақ әдебиеті осы ақынның шығармашылығы арқылы жаңа белеске көтерілді, келешек ақындардың осы жаңа бағытпен жүруіне үлгі болды.

Автор: Нұрдәулет Ақыш


Шал ақын
  • Аты
  • Шал ақын
  • Қызмет саласы
  • Ақын-жыраулар, билер