Басты бет Есімнама Сүйінбай Аронұлы

Сүйінбай Аронұлы

Сүйінбай Аронұлы қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Қарақыстақ (қазіргі Сүйінбай атындағы ауыл) деген жерде дүниеге келген.

Сүйінбай Аронұлы қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Қарақыстақ (қазіргі Сүйінбай атындағы ауыл) деген жерде дүниеге келген.  Ол Дулаттың ішіндегі Шапыраштының Екей деген руынан шыққан. Он төрт-он бес жасынан өнерді серік еткен ол алғашында ел аузынан естіген аңыз-әңгімелерді, хисса-дастандарды, жырларды айтып жүреді де, келе-келе төл туындыларымен таныла бастайды. Өткір де шешен тілімен іргелес жатқан қырғыз еліне де кең танылған оны М.Әуезов «он тоғызыншы ғасырдағы Жетісу ақындарының алтын діңгегі» деп тегін айтпаса керек. Оның тұңғыш шығармалар жинағы 1935 жылы Ілияс Жансүгіровтің әзірлеуімен, кейін 1975 жылы «Ақиық» деген атпен жарық көрді.

Өмір жайындағы үлкен философиялық толғауларымен бірге ол Өтеген, Қарасай, Саурық батырлардың ерлігін жырға қосып, оларды мақтан еткен. Бай-болыс, би-шонжарларды қатты сынға алған ақын халық мұңын мұңдап, ел жоғын жоқтаған.

Сүйінбай шебер суырыпсалмалығымен айтыскер ақын ретінде жақсы танылған. Оңтүстік, Шығыс, Орталық Қазақстан өңірлерін аралап, Қабан, Жанақ, Түбек, Шөше сынды атақты ақындармен кездесіп, өз қатарлары Майлықожа, Майкөт, Қаңтарбай, Тезекбай, Бақтыбай ақындармен сөз сайысына түскен. Оның Тезек төремен айтысының қазақ поэзиясындағы орны ерекше.  «Тезекке тепсінуінен» оның би-болыс, хан-сұлтандардан аяғын тартпайтын өр мінез ақын екенін көруге болады. «Үйіңе келген кісіні «Өлтірем!» деп қожаңдау – Ісі емес пе бақсының?» деп өзіне сауал тастап алады да, Тезектің бар мінін жіпке тізгендей етіп айтып шығады. Ханның хан болмағы қарашамен екенін есіне сала отырып, ағылып жатқан халқы жоқ мынау отырған ақ ордаң хан сарайына емес, қу молаға айналған деген сынды ауыр да орынды сөздерді таба білген ақын. Өрістен ұрлап жеу қорқау қасқырдың тірлігі болса, сенікіне жөн болсын. Жарлының жалғыз малын ұрлап жеп, оны аш қалдыруға дәтің қалай барады. Төңірегіңе ұры-қарыны жиып алып, қалың елді үстінен жеп отырсың, дүлей күшіңе сеніп томаға-тұйық күй кешудесің. Халықты ұйытып басқарудан қалдың, ісіңде береке жоқ дей келіп, Тезекті саз балшыққа теңейді:

Басшылық жоқ халықта,

Аққан судан сұйықсың.

Судан да сусын қанады,

Оппа балшық сықылды,

Жұтқыш лай былықсың!

«Төре-қара биімді» мақтарлықтай ісі жоқ болса, не деп мақтаймын деп ағынан жарылады. Тезекке осынша қатты айтуының бірінші себебі артында сенген елі мен халқы болса, екінші, Саурық, Қарасай сынды батырларға арқа сүйегені еді: «Шапырашты тентек ел, Шығармай ма миыңды? Қалың қазақ жиылып, Бет-аузыңды қан қылып, Бермей ме сүйтіп сыйыңды?».

Оның «Төрелерге» қарата айтқан сөзінің де астарында үлкен әлеуметтік мән жатыр. Сүйінбай көптің тілеуін тілеп, халықтың жоғын жоқтаған ақын, сондықтан да ол қалың бұқараның қамын бірінші кезекке қояды. Қалың елге сенген жанның да сөзі батыл боларын оның әрбір сөзінен аңғаруға болады:

Дәулетбақтан – Ноғайбай сен бір арсыз,

Байсүгір – Қараталдан тұқиянсыз.

Ыстанбек төремін деп мақтанбағын,

Бұл арсыздың ішінде сіз де барсыз...

...Дүниеден Сарыбай да кетті көшіп,

Бұл жерде Нарбота отыр желдей есіп...

...Ала бұқа көзденген Атамқұл бай,

Жұртыңа жақсы болсаң боласың жай...

...Кісі екен қабырғалы Дәуітәлі,

Сәмбеттің ат түгіндей айғыр жалы...

Отырған бай-шонжарлардың бәрінің де мінін бетіне басып, олардың жеке-жеке бастарына тоқталады. Өгізін қамшылап жүрген жарымаған Қараталдың ел үстінен жеп байи кеткенін бетіне басса, Атамқұлды Әжібай атаң сықылды сен де «жамандыққа жасыңнан жуық едің», зар жылатып кісі ақысын көп жедің енді қияметке барғанда қалай жауап бересің деп,  бұл жалған дүниеде жасағаныңның жауабын о дүниеден тартасың деп оған ешнәрсенің мәңгілік еместігін, өмір бар жерде өлімнің де болатындығын есіне салады. Дәуітәліге сенген кімің бар десе, Қарымсаққа өзің белгілі сабаншысың, қыстақтағы ұрылардың қамын ойлап жүрген қусың деп бетіне басады. Бәрің бірдей жиналып, не шешкелі отырсың. Сендердің бітіретіндерің момынның малын зұлымға алып бергендерің үшін пара алудан асушы ма еді деп, олардың бәрінің де шын бейнесін аша түседі. Бір топ төренің алдында отырып, оларды мақтаудың орнына бәрінің мінін бетіне басу – Сүйінбай сынды ақынның  өзіндік ерекшелігі. 

«Болыстарға баға» да осы мәнде құрылған. Аятбектің кейбір қылтың мінезі болмаса, бәрінен де озар еді дей отырып, жекелеген болыстардың бәріне жеке-дара тоқталып шығады. Тілеуберді болыстың ақылсыздықпен ұрлық-қарлық пен пәлеқорлықты кәсіп етіп, ел алдында қадірі кеткенін, ұлы жүздің төресі Әбілездің өңеші кең екендігін айта келіп, Жаныстан шыққан Төле биге үшеуің де жетпедің деп ренжиді. Ақын болыс-билерге Төле биді өнеге ете отырып, олардың да сол секілді әділ болуын талап етеді. Ұлы-жүздің төрелерін сынға алған ақын оларға Шапырашты Саурық батырды үлгі етеді.

Ақынның бірсыпыра өлеңдері жекелеген адамдарға арнау күйінде жазылған. Олардың қатарында «Сұраншыға», «Батырбек датқаға айтқаны», «Үмбетәліге» деген туындыларын атауға болады. «Сұраншыға» арналған өлеңінде:

Батыр-ай, кедейшілік жаман екен,

Бұл дүние азулының заманы екен.

Қолдаушың арт жағыңда көп болмаса,

Жауапсыз кедей жазған қалады екен...

– деп Итен байдың үш жүз жылқыдан бір тай бермегенін айта келіп, байдан қайыр қашқанда жоқшылық қолын байлаған кедейдің күні не болмақ деп түйіндейді.

...Түспей не ғып тұр екен жер мен аспан,

Бос отырып кедейлер өле ме аштан?

Жылап жүрген нашарға көз салмайды,

Байдан – бейіл, батырдан – рахым қашқан

- деп байдан бейіл қашқанмен батырдан рахым қашпасын деп, Сұраншыға ой салады. Ол қалың ел мен бірге Өтеген, Сұраншы, Сыпатай сынды батырларға арқа сүйеп, оларды медет тұтты. «Батырбек датқаға айтқаны» деген арнауында ақын Батырбектің мінін айта отырып, Сыпатай батырды жоқтаудың орнына менен айып сұратып жіберіпсің жаттай көріп деп, оның мінін бетіне баса отырып, өзін былайша сипаттайды: «Бойың биік болғанмен, ойың қысқа, Дәу Батырбек дейді екен сені босқа... Дәу кеуде, сом қабырға, қомпылдаған, Жуан кісі екенсің ақылың жоқ». «Үмбетәліге» деген арнауында хан Орманбеттің дүниеден озғанына Үмбетәліге көңіл айта келіп, таққа отырғанымен құттықтайды.  «Бұғы елін шауып, жаншыпсың. Қыз-қатынын тұтқын қып, Тау суындай тасыпсың» деп, оның өзіне сын айтады. Кезінде хан Орманның қырғыз елін жылда мазалап тыныштық бермей, бір тай үшін жауласқанын айта келіп, ендігі сенің ісіңнің жөні болсын дейді. Таққа отыра салып жазықсыз елді шауып, қанға бөктіргенің әділет емес: «Хан құдайдың ұлы емес, Құдайға да құл керек, Халықтың жоқ па керегі?!» деп ханның күні халықпен екендігін ескертеді. Үмбетәлінің бұл ісін дұрыс көрмеген ақын «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» екендігін пайдалана отырып, Үмбетәлінің таққа отыра салып сыйы кете бастағанын нақты мысалдар негізінде көрсетеді:

Қан құмарлық ісіңмен,

Кетіріп алдың құныңды,

Әділдікті айтамын,

Кесе алмайсың тілімді,

Айтып өтем мініңді!

Сүйінбай – хан-сұлтандар мен би-болыстарға деген бұқара халықтың мұңы мен шерін жеткізе отырып, Махамбет пен Шернияз тәрізді олардың мінін бетіне айта білген өткір де шешен тілді ақын.

«Жақсы мен жаман адамның қасиеттері» деген өлеңінде жақсы адам мен жаман арасындағы жер мен көктей айырмашылықты параллел, суреттей отырып, олардың бет-пердесін аша түседі.

Жақсының сөзін әркім пайдаланар,

Миуалы алма, өріктің ағашындай.

Жаманның көкірегі – көр, көзі – соқыр,

Жүрер жолдан тал түсте адасып-ай...

... Жамандар – өтірікші, өсегі көп,

Ел-жұрттың іріткі салар арасына-ай.

Жалған сөзбен бықсытар ел арасын,

Жанбай қалған ағаштың шаласындай...

...Жақсы кісі көрінер жыл құсындай,

Жаман адам балтаның ұңғысындай...

... Жаманның кеудесі үлкен, сөзі кесек,

Ақылы ауысқан адамның жындысындай.

Екеуін салыстырып әдейі айттым,

Қажетін қолданарсың тұрмысыңа-ай.

Жақсы жігітті ел-жұртының қаласындай, ағасындай, панасындай болса,  жақсы әйел бүкіл жұрттың анасындай болатындығын әдемі ұйқастармен, тұщымды теңеулермен келтірген ақын жақсы мен жаман адам арасындағы бір-біріне деген кереғарлықты да ұлттық нақышы бар теңеулермен жеткізе білген. Мәселен, жақсы адамды миуалы алмаға, өрік ағашына, ел басқаратын серкеге, қалың жүнді көрпеге, жыл құсына, тауға теңесе, жаман адам бойындағы көр, соқыр, өтірік пен өсек-аяңға құмар болатындығын айта келіп, оларды ағаштың жанбай қалған шаласына, сиырдың тентек танасына, жылқының қотыр аласына, балтаның ұңғысына, ақылы ауысқан жында адамға теңейді. Адам бойындағы мінезді нақты затқа теңеу арқылы олардың шынайы кейпі даралана түскен. 

Ақынның жасы ұлғайған шақтағы өмір жайындағы толғаныстары  «Жұмыққа» арқау болған. Өмірдің қозғалып отыратын қозғалысын ақын жақсы аңғарған. Кәрілік жетіп, бойдан әл кеткен күйін ақын шөккен нарға, бауырсаққа, илеген нанға теңейді. Дерексіз затты деректі затқа теңеу – ақын шығармашылығының басты ерекшелігі. 

«Әділеттік орнаса» – ақынның өмірден көргені мен түйгені жөніндегі толғам. Ел ішіндегі береке-бірлікті мұрат еткен ақын оның негізгі себептеріне үңіле отырып, мынадай тұжырым жасайды:

Жау басынар халықты,

Басқарушы оңбаса...

...Елдің бағы ашылар,

Әділеттік орнаса.

...Ел елдігі бола ма,

Ермен жауға бармаса.

Елшілігі бұзылмас,

Өз жерін жаудан қорғаса.

Ағаш қалар қуарып,

Жапырақ тамыры болмас.

Теңіз де қалар суалып,

Құятын өзен болмаса.

Өзен де ағар күшейіп,

Бастау мен бұлақ самғаса.

– деп келетін жолдардан ақынның өмір жайындағы философиялық толғамдары аңғарылады. Ол табиғат пен адамды тұтас бірлікте алып, оларды салыстыра сөз етеді. Ақын ел ішінің бірлігі мен ынтымағын сақтаудың негізгі шарттарын ұсына білді. 

Сүйінбай Аронұлы – ХІХ ғасырдағы қазақ ақындарының ішіндегі көрнекті тұлға. Ол – өз тұстарының ішінде айтыскер ақын ретінде суырыпсалмалығымен кеңінен танылған ақын. Жетісу елінің ақындарымен бірге Жамбыл да Сүйінбайды өзіне ұстаз санап, одан үйрене білді. Оның артында қалған әдеби мұралары – ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің табысы.

Автор: Гүлжаһан Орда


Сүйінбай Аронұлы
  • Аты
  • Сүйінбай Аронұлы
  • Қызмет саласы
  • Ақын-жыраулар, билер
  • Туған күні
  • 1815
  • Қайтыс болған күні
  • 1898