Басты бет Есімнама Дулат Бабатайұлы

Дулат Бабатайұлы

Дулат Бабатайұлы – қазақ әдебиеті тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі.

Дулат Бабатайұлы – қазақ әдебиеті тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі. Ол 1802 жылы  қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданында (бұрынғы Семей облысы, Аягөз ауданында) дүниеге келген. Найманның Қаракерей табындағы Сыбанның Жарасқұл әулетінен шыққан. Ауыл молдасынан оқып, мұсылманша сауат ашқан ол кейін шағатай, түрік тілдерін игереді.

ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне қомақты үлес қосқан Дулат Бабатайұлы өзі өмір сүрген кезеңнің шындығын көркем бейнелеуде біраз табысқа жетті. Сол замандағы кері кеткен мәселелерді шеней отырып, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге шақырады. Туған жер, адамның іс-әрекеті, мінез құлқы, тарих көші, кәсіп туралы әралуан тақырыпты арқау еткен оның қаламынан өткір сатира дәрежесіне дейін көтерілген туындылар туды.

Кеңестік дәуір тұсында оның шығармалары біржақты қаралып, көркемдік-эстетикалық талап тұрғысынан әділ бағаланбады. Ескішіл, феодалдық қоғамның жыршысы ретінде тану – ақын шығармаларына  берілген біржақты баға. Оның туындылары 1965 жылы шыққан «Үш ғасыр жырлайды» («Жазушы»), 1989 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты құрастырған екі томдық «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарына енді.  Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ақын мұралары қайта зерттеліп, оның бұл уақытқа дейін жарияланбаған бір топ шығармалары жарық көрді. Дулат Бабатайұлының мұрасын жинау, оны ғылыми айналымға түсіру барысында Қ.Раевтың атқарған шаруасы қыруар. Ақын мұрасын жинақтап  «Өсиетнама» (Ғылым, 2001 жылы) атты толық шығармалар жинағын шығарған ол «Дулат Бабатайұлы шығармаларының поэтикасы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады (2002).  Игілікті бастама жалғасын тауып 200 жылдық мерейтойы қарсаңында, 2002 жылы «Кеудем ақыл сарайы» («Ер-Дәулет») және академиктер З.Ахметов пен С.Қасқабасовтың басшылығымен 2003 жылы «Тұнық тұма» деген бір томдық жинағы, «Дулат Бабатайұлы» (Раритет, 2003) жинағы З.Серікқалиев пен Қ.Раевтың дайындауымен  жарық көрді.

Ақынның өмір сүрген кезі қазақ даласындағы хандық дәуірдің жойылып, патша өкіметінің отарлау саясаты кеңінен өріс ала бастаған шаққа тура келді. Бір жағынан патша өкіметінің, екінші жағынан аға сұлтандар мен би, болыстардың алым-салығы титықтатқан шақ бұқара халық үшін ең бір ауыр кезең болды. Осындай аумалы-төкпелі шақта өмір сүрген ақынның туындыларына сол тұстағы өмір шындығы арқау болды. Қазақтың бай ауыз әдебиетімен, ақын, жыраулардың көне мұраларымен сусындап өскен ақын өз заманындағы көзіқарақты, білімді адамдардың бірі болды. Сарыарқадағы аты шулы ақындардың қатарынан орын алып, аузының дуалылығымен ел құрметіне бөленген ол 1874 жылы дүниеден өтті (1965, 1989 жылы жоғарыда аталған жинақтарда ақынның туған жылы дұрыс көрсетілген де, өмірден қайтқан уақыты жаңсақ берілген ).

Сөз қадірін түсінген ақын қаламынан үлкен әлеуметтік мәселелерді көтерген туындылар туды. Оның «Қазақ деген ғаріп жұрт», «Тырнақтай меңі болған соң», «Тегімді менің сұрасаң», «Ал қарағай сұлу сындардай», «О, Сарыарқа, Сарыарқа», «Асқар таудың сәні жоқ», «Ақжайлау мен Сандықтас», «Ата қоныс Арқадан», «Сөзім барда, көзім жоқ» деп аталатын толғауларында сол тұстағы шен-шекпен үшін елі мен жерін сатқан қуларды қатты шеней отырып, олардың іс-әрекеттерін әшкерелейді. Ақын поэзиясының негізгі кредосы – ел бірлігі. Ол елі мен жерінің тұтастығын барлық толғауларына арқау ете білді.

Ата қонысы болған Ақжайлау мен Сандықтас туралы ақын толғауында «Атам қонған кең далам, Мендей сені қызғанар, Бауырыңда өскен қай балаң?» деп өзінің туған жерге деген ыстық сезімін білдіре отырып, қазақ халқының кешегі жайма шуақ өмірін аңсайды. Ата-бабаның қонысы ендігі жерде кімнің қолына көшкелі тұрғаны да ақынды бей-жай қалдыра алмайды. Ол шығармаларына негізінен жеке бастың қамын емес, елдің, жердің мүддесін арқау еткен.

Мынау азған заманда,

Қарасы – антқор, ханы – арам,

Батыры көксер басы аман,

Бәйбіше – тантық, бай – арам,

Бозбаласы – бошалақ,

 Қырсыға туды қыз балаң.

Нары – жалқау кер табан,

Құсы – күйшіл, ат – шабан,

Жырғалаң жоқ, жобалаң,

Ебі кеткен ел болды,

Енді қайда мен барам?

- деген ақын өзі өмір сүрген тұстағы заманды кері кетті деп сынай отырып, сауал тастайды. Болыс сайлауларының жең ұшынан жалғасып өтуі, ел билейтін би, болыстардың елдің мұңын мұңдамай, қара басының күйін күйттеуінен осындай кер заманға тап болдық деп түсінеді ақын. «Балық басынан шіриді» деген халық даналығын ақын ел билеушілерді шеней отырып, қайта жаңғыртады. «Қайырсыз байдан пайда жоқ, Нашарға жәрдем бермесе, Кем-кетікті көрмесе» деген ақын малды жандардан қайырымды болуды талап етсе, «Би мен бектің сәні жоқ, Елін қорғай алмаса» деп би, болыстарды бұқара халықтың қамын ойлауға шақырады.

Дулат  шығармаларынан толғаудың бірнеше түрін кездестіруге болады. Мәселен, оның «Тегімді менің сұрасаң» деп басталатын толғауында ақын өзінің шыққан тегін мақтан етуден аулақ, ол ата-тегін айта келеді де, өзінің сөз қадірін түсінетіндігін, жырмен ел жарасын жазуға көмектескендігін тілге тиек етеді. Ол «Парақор баспақ биіңді, Ел бүлдіргіш бегіңді» улы тілмен шеней отырып, «Меруерттей асыл сөзбен» қайғылыны уатып, «сусағанды суалтып, Шаршағанды қуантып», көздің жасын сейілтуге, санаға қуат беруге көмектесетінін білдіреді. Қулық-сұмдықтың көбейгендігін, әлдінің әлсізге тізе батырып момынның ақысын жейтіндігін заман дерті деп түсінген ақын ел билеген атқамінерлерді «Аға сұлтан, қазының, Ел сілкінді ісінен, Ауылдың атқа мінері, Жемтікке қонған күшіген» деп қатты шенейді. «Сөзім бар да, көзім жоқ» деген өлеңінде ақын өмірден көрген-білгендерін, жиған-тергендерін қорытындылай келіп, «Дүние – жемтік, мен – төбет» деген қорытынды жасайды. Ақынның толғауларынан тұрақты афоризмге айналған «Мөңіреп жұртқа ой қайтты, Бұзауы өлген сиырдай», «Толқынды теңіз заманнан Сенімді кеме болмаса, Жел қайықпен өтер ме?», «Жаршылардың шәйірі Асыл сөзді езбеген», «Қосылып алтын қорылмас Мырышпен, мыс, жезбенен», т.б. тіркестерді келтіруге болады.

Оның «Сүлейменге», «О, Кеңесбай мырза, тыңда сөз», «О, Барақ жас, Барақ жас», «Ей, айтайын арнап Ешенге», «О, Ақтан жас, Ақтан жас», «Еспенбет» сынды жекелеген адамдарға арнаған толғаулары да бар. Бұлардың бәрінде де заманды, заман адамдарын сынау басым. Ақын Сүлейменге сол тұстағы орыс ұлығы мен би, болыстың ел ішіне салған ылаңын айта келіп, бекерге отыра бермей, ел үшін тірлік ет деген ақыл айтса, Кеңесбайдың әкесі мен арғы аталарының жетім-жесірге жасаған қамқорлығын, жасаған игілікті істерін тілге тиек ете келіп, оның өз басына ауысады. «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» дегендей, оның ата жолын қумай теріс жолға түскенін «Тұқымың дегдар болғанмен, Кеңесбай азғын туғансың» дей келеді де оның бойындағы мінін:

Ыдысысың параның,

Қотара құйса толмайтын.

Ашылған әбден араның,

Түйені жұтсаң түгімен,

Биені жұтсаң бүгімен,

Қақалмай бір-ақ толғайтын

- деп шенейді.

Енді бірде ел аралап, елді алдаған Ешеннің іс-әрекетін қатты сынға алған ақын Барақтың да бойындағы кемшіліктерін бетіне баса айтады. Оның да атадан қалған алтын таққа ие бола алмағанын, ата жолын ұстай алмағанын тілге тиек ете отырып:

Рухына нәлет келтірдің,

Қабың менен сабыңа,

Бұзықты құрап ел етіп,

Қондырдың оң жағыңа.

Ұрыңа елді торытып,

Өтірік дауды қорытып,

Бүлдіре бер тағы да...

- деп түйін жасайды. Ақын ел ішіндегі келеңсіздіктер мен кемшіліктердің себебін ел билеушілердің екіжүзді жылпостығынан, қарын қамын ойлаған бойкүйездігінен, қара басын күйттеген тоғышарлығынан деп түсіндіреді. «О, Ақтан жас, Ақтан жас» өлеңінде жетімдіктің тақсіретін көрген жас баланың болашағынан үміт күту бар.  «Жапанға біткен жантақты» деген толғауында ақын өмірден көрген-білгендерінен түйін жасай келіп, баласына дұрыс жол сілтейді. Ал, «Еспенбет» – көркемдік желісі жағынан шағын дастан деуге боларлық туынды. Жарасқұл деген атадан туған Еспенбет жетім қалып нағашы жұртында өседі. «Ер туған жеріне» дегендей, оның бала кезінен арманы өз еліне жету болады. Еспенбет атқа қонып, етек-жеңін жинаған соң «Жігерім болса жетемде, Еліме барып ұл болам» деп нағашы атасынан рұқсат сұрап, өз еліне кетеді. Жылқы ішінен Ақбөртені таңдап мінуі, оның кейін жүйрік тұлпар болуы батырлық эпостардағы белгілі сюжеттерге сәйкес келеді. Еліне тайға мініп келген балаң жігіт үш жылдан соң-ақ жауға қарсы шапқанда батырлығымен көзге түседі. Ақтамберді Сарбасты жекпе-жекке шақырған жоңғар батырына Еспенбет қарсы шығып, оның басын қанжығасына байлайды. Дастандағы «Ақбөрте кетті құнтиып, Садақтан тартқан оқтай боп. Қанға сусап қалмақ тұр, Обатұғын оптай боп» деген жолдарда Еспенбеттің жан серігі мен қарсыласының көркем образы бейнелеген.

Еспенбеттей батырлардың батырлығын дәріптеген дастанның негізгі идеясы –  туған жер мен елді жаудан қорғау. Ол нағашы елінде өскен Еспенбеттің туған жеріне келіп, ерлік жасауын мақтан ете отырып, ел мен жердің қамын ойлайтын ерлерді мақтан тұтады. Бұл – ақынның Еспенбеттей батырларды аңсауынан туған туынды.

Оның көркем сюжетке құрылған туындысының бірі – «Шаштараз». Бұл – ел арасына Ескендір Зұлқарнайынның басындағы мүйізі туралы тараған аңыздың негізінде жазылған мысал өлең. Осы қатарды оның аңыз желісіне құрылған «Бір патша» шығармасы толықтырса, мысал өлеңдер желісін кейінгі жылдары жарық көрген жинақтарға енген «Сарышымшық» пен «Қара қарға» байыта түскен.

Адамның жас ерекшелігі туралы «Он бес деген жас қайда» толғауында ақын әрбір он жастың арасындағы айырмашылықты нақты заттық ұғымға теңеу арқылы бейнелей білген.

Дулат Бабатайұлы – ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінің ірі өкілдерінің бірі. Ол осы кезеңдегі қазақ поэзиясын мазмұн, түр жағынан байытып, көркемдік талап тұрғысынан жаңа биікке көтерді. Ауыздан-ауызға, атадан-балаға тарап келе жатқан аңыз әңгімелерді ақын қайта тірілтіп, оларға жан бітіріп оқырманға ұсынды.  Ақын шығармаларының негізгі өзегі – ел бірлігі мен жер тұтастығы. Сол тұстағы өмір шындығын уытты да өткір тілмен шеней білген ақын шығармаларының қазақ әдебиетінен алар орны ерекше.

Автор: Гүлжаһан Орда


Дулат Бабатайұлы
  • Аты
  • Дулат Бабатайұлы
  • Қызмет саласы
  • Ақын-жыраулар, билер
  • Туған жері
  • Аягөз ауданы