Басты бет Есімнама Міржақып Дулатұлы

Міржақып Дулатұлы

Қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайреткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері.

Туған жері — Торғай уезінің, Сарықопа облысының бірінші ауылы(қaзipri Қостанай облысының Жанкелдин ауданына қарасты "Қызбел" ауылы). Әкесі — Дулат аймағына аты шыққан шебер кісі болған, ер тұрман жасап, етік, мәсі тіккен. Шешесі — Дәмеш ойын тойдың базары, әнші кісі болған. Әкесі балаларын жастайынан оқуға береді. Алғашқыда бала Міржақып ауыл молдасынан оқып, хат таниды. Молдадан екі жыл оқығаннан кейін, 1897-1902 жылдары, ауыл мектебінде орысша оқытатын Мұқан мұғалімнен дәріс алады. Бұл мектеп Міржақыптың білімін толықтырумен қатар, азамат ретінде қалыптасуына да аса зор ықпал жасайды, Мұқан мұғалім ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин іргетасын қалаған оқу орнының, дәлірек айтқанда, Торғай қаласындағы уездік орыс-қазақ мектебінің түлегі болатын. Өз шәкірттеріне де ол осы рухта тәлім-тәрбие, терең білім береді.

Міржақып анасынан екі жасында, әкесінен он екі жасында айырылып, ағасы Асқардың қолында тәрбиеленеді. Асқар әкесі Дулаттың Міржақыптың оқып, білімді азамат болып, өсуін армандаған тілегіне сай, інісінің оқуын әрі жалғап, білім алуына ерекше көңіл бөледі. Ауылда туып, ауылда өскен, ауылда оқып, ауылда қызмет етіп, «ауыл мұғалімі» атанған зерделі жас ауыл тұрғындарының ауыр тұрмысын, теңдігі жоқ аянышты хәлін көріп, түңіле түршігіп, тебірене толқиды.

Өз бетінше талпынып, білім жинап, орыс тілін жетік меңгерген Міржақып орыстың озық ойлы азаматтарының еңбектерімен танысуы арқасында замана тозаңын суырып, дүниені дүр сілкіндірер дауылды күндердің тақап келе жатқанын өзгелерден бұрын сезеді.

Міне, осындай күрделі кезеңде, 1904 жылы Міржақып Омбы қаласына келеді. Осында ұлт зиялыларының ұстазы Ахмет Байтұрсыновпен кездеседі. Бұдан кейінгі уақытта біpi — ұстаз, бipi — ізбасары ретінде жұптарын жазбайды. 1905 жылы Міржақып А. Байтұрсыновпен бipre Қарқаралыдағы саяси-бұқаралық жұмыстарға қатысады. 1905 жылы патша өкіметіне қазақ халкының атынан петиция жазушылардың қатарында болады.

Кең даласында алаңсыз өмір сүріп, мал бағып жатқан бейқам халқын: «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты» деп жырымен жұлқылап оятып, оларды білімге, ел үшін пайдалы іс әрекетке шақырады. Бүкіл халықтың еркіндікке жетуінің басты шарты түнек болып торлаған қараңғылық ұйқысынан ояну, дүр сілкініп, надандықтан арылу деп білген ол: «Оян, қазақ!» деп ұрандаудан танған жоқ. Сондықтан да оның үні қалың ұйқыдағы қазағын құлағының түбінен «маса» болып, маза бермей ызыңдап оятуды мұрат тұтқан өзінен он екі жас үлкен рухани ағасы Ахмет Байтұрсыновтың үнімен қатар естіліп, қазақ даласын қатар шарлады. Сол егіз үн тарих мінбесінен қатар көрінген екі алыптың қашан соңғы демдері таусылғанша, тағдыр талқысымен екеуі екі жақта жүрсе де, қуғынға түсіп, қамауға алынса да үзілмей, қатар естіліп тұрды. Ол екеуі екі атадан туса да, бір туған бауыр еді, екі баспен ойласа да, қорытар ойы бір еді, екі ауызбен сөйлесе де, шығар сөзі бір еді. Өйткені оларды туыстырған халқының мүддесі, ойландырған халқының қамы, сөйлеткен халқының мұң зары болатын. Сондықтан да халқы оларды жанашыр жақыным деп білді, олардың жұбын жазбай, «Ахаң Жахаң» деп бірге атады. Пенделік бар қазақтан бас тартап, халқының бақыты үшін күрескен есіл ерлерді өз халқының жауы атандырып, кешегі күні Қызылдың қызылкөз жендеттері екеуін еріксіз айырып, екі жерде атып өлтіріп, атын өшіреміз дегенде де халқы олардың асыл есімдерін есінен шығарған жоқ, аялап жүрегінде сақтады, ардақ тұтты.

1906 жылы Петербургке барып қайтады. Бұл сапарынан ол саяси күрескер ғана емес, шабытты ақын болып оралады. 1907 жылы Петербургте шыққан "Серке" газетіне “Жастарға" деген өлеңін, бүркенпік атпен "Біздің мақсатымыз" деген мақала жариялайды. Мақалада Міржақып қазақ халқының басындағы қиын жағдайдың анық себептерін саралап, отарлық саясатты әшкерелейді. Патша өкіметі мақала авторын тұтқындамақ болғанмен, бүркеншік аттың иесін таба алмайды. 1909 жылы Петербургте М. Дулатовтың "Оян, қазақ!" атты өлеңдер жинағы жарық көреді. Бұл кітап та патша әкімшілігінің қуғындауына ұшырайды.

1913 жылы ол Ахмет  Байтұрсыновпен бipre "Қазақ" газетін шығарып, басылымның бұдан кейінгі жұмысына белсене араласады. 1920 жылы Ташкентке келіп, сондағы “Ақ жол" газетінде қызмет атқарады. 1922 жылы жазықсыз қамауға алынады. Түрмеден шыққан соң, 1922-1926 жылы Орынбордағы ағарту институтында оқытушы болады. 1928 жылдың аяғында бip топ қазақ зиялыларымен бipre  қамауға алынады да, он жылға сотталып, 1935 жылы тұтқында қайтыс болады.

Түпнұсқа: wikipedia
Міржақып Дулатұлы
  • Аты
  • Міржақып Дулатұлы
  • Қызмет саласы
  • Саяси қайраткерлер
  • Туған күні
  • 1885
  • Қайтыс болған күні
  • 1935