Басты бет Есімнама Жандосов Ораз Қыйқымұлы

Жандосов Ораз Қыйқымұлы

Мемлекет қайраткері

Жандосов Ораз Қыйқымұлы (1889, Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласы — 1938) — мемлекет қайраткері 1918 жылы Верный ерлер гимназиясын бітірген. Қазақстанда кеңестік билік орнағаннан кейін Жетісудың ұлт істері жөніндегі облыс бөлімін басқарды. 1919 — 1921 жылы Түркістан КП мұсылман коммунистері секциясы облыс бюросының төрағасы болды, Жетісу облысы рев.-әскери комитетін және облыс “Қосшы” одағын басқарды. 1921 — 1923 жылдары Түркістан КП ОК-нің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі және БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің 2-хатшысы болды. 1923 — 1924 жылдары Мәскеудегі Тимирязев атындағы а. ш. академиясында оқыды. 1924—28 жылы БК(б)П Қазақстан өлкелік комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының 10 жылдығына орай, 1926 жылы Жетісудағы Қарқара көтерілісіне қатысқандарды мәңгі есте қалдыру мақсатында көтерілісшілер жиынын өткізген, кейін “Ереуілтөбе” атанып кеткен жерге ескерткіш орнатпақ болып, тас үйіп белгі қалдыруға қоғам қайраткерлері Ыдырыс Көшкінов, т.б. азаматтармен бірге қолдау көрсетіп, ат салысады. Ауыл экономикасын зерттеу жөніндегі экспедицияны басқарды, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып, ғылыми еңбектер жазды. 1928 — 1937 жылдары Қазақ АКСР ағарту халкомы, Қазақ а. ш. институтының директорлығымен қатар Республика кітапханасының директоры болды, БК(б)П Кеген ауданы комитетінің 1-хатшысы, Алматы облысы атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. өлтаралық қатынасты реттеуге көп еңбек сіңірді. КОКП-ның 12-, 14-съездерінің және КСРО Кеңестерінің 2-, 7-, 8-съездерінің делегаты, 1920 — 1925 жылы БК(б)П Түркістан КП ОК-нің мүшесі және бюро мүшесі, Түркістан ОАК төралқасының және БОАК-нің мүшесі, Қазақ ОАК және оның төралқасының мүшесі, Қазақстан өлкетану қоғамы басқармасының төрағасы болды. 1937 жылы тамызда партиядан шығарылады да, жалған саяси айыппен тұтқындалып, 1938 жылы наурызда атылды. Қазақ ақыны К.Әзірбаев тұтқынға алынған Жандосовпен өзінің қоштасқан сәті туралы “Оразжан” әнін шығарған. Елімізде Жандосовтың есімі елді мекендерге беріліп, Алматы қалаларында оған ескерткіш орнатылған.


Жандосов Ораз Қыйқымұлы
  • Аты
  • Жандосов Ораз Қыйқымұлы
  • Қызмет саласы
  • Саяси қайраткерлер